Марат Оспанов – ғалым, саясаткер, тұлға

Автор(лар):

Төлепбергени Ж.Т., Жангалиева А.Р., Молдин Б.А.

Жұмыс орны:

  • Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Ақтөбе, Қазақстан
  • Библиографиялық сілтемесі:

    Төлепбергени Ж.Т., Жангалиева А.Р., Молдин Б.А.. Марат Оспанов – ғалым, саясаткер, тұлға. Ǵylym aliansy. 2025;2(2):85-91

    Аннотация
    Толық текст
    Авторлар
    Әдебиеттер тізімі
    Қосымша файлдар

    Аннотация. Мақалада ғалым, тұлға, саясаткер М. Оспановтың еңбектері, өмір жолы жайында толыққанды мәліметтер қамтылды. Қазақстанның саяси-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға ретінде оның ғылыми және қоғамдық қызметі жанжақты талданды. Мақсатымыз — М. Оспановтың ел дамуына қосқан елеулі еңбектерін, оның өнегелі өмір жолын жастарға үлгі ету, таныстыру. Зерттеу барысында тарихи құжаттарға, естеліктерге, ғылыми әдебиеттерге сүйене отырып, нақты әрі жан-жақты ақпарат берілді.
    Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы жолында ерекше еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатарында М. Оспановтың орны айрықша. Ол — егемен еліміздің алғашқы Парламент Мәжілісінің төрағасы ретінде заң шығару билігінің іргесін қалауға, құқықтық жүйенің негізін қалыптастыруға атсалысқан көрнекті тұлға. Сонымен қатар, ол терең білімді экономист, ұзақ жылдар Ақтөбе медицина институтында қызмет жасаған ұстаз, ғалым ретінде де танымал. М. Оспановтың саяси және ғылыми қызметі Қазақстан тарихының өтпелі кезеңімен тұспа-тұс келіп, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұрақтандыруға бағытталған көптеген реформалардың бастамашысы болды. Оның мемлекеттік басқару, салық жүйесі, бюджет құрылымы және парламентаризм жөніндегі еңбектері бүгінгі күнге дейін өзекті болып табылады.
    Негізгі сөздер: М. Оспанов, Тәуелсіз Қазақстан, Парламент, Тәуелсіздік, тарих, саясат, тұлға, оқытушы

    М. Оспанов – тәуелсіз  Қазақстан тарихындағы айрықша маңызды тұлға. Оның есімі қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуының негізгі кезеңдерімен тығыз байланысты, бірақ саяси қызметтен тыс ол білікті маман, жоғары интеллект иесі, көрнекті адамгершілік ұстанымы, өз елінің нағыз патриоты болды. Тарихи тұлғаның сан қырларын ұстаз, ғалым, саясаткер ретінде жан-жақты ашу үшін оның өмірбаянына, саясиәлеуметтік көзқарастарына, адамгершілік бағдарларына, мінезіне, отбасымен және қоғаммен қарым-қатынасына жүгіну қажет.

    М. Оспанов 1949 жылы 17 қыркүйекте Қазақ КСР Ақтөбе қаласында дүниеге келген, ата-анасы мәдениет саласында қызмет жасаған, бұл оның ұлттық салт-дәстүрлері жақсы біліп, ұлттың бірегейлігін сақтауына маңызды ықпал етті [1]. Бала кезінен ол оқуға, тәртіпке және жауапкершілікке бейімділік танытты. Оның атаанасы ұлын еңбекқорлық, үлкендерге құрмет және туған жерге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиеледі. Мұндай құндылықтар оны өмір бойы сүйемелдеді.

    Мектеп жылдарындағы мұғалімдері «Маратта аналитикалық ойлаудың жоғары деңгейі және қоғамдық қызметке бейімділігі» болды деп еске алады. Ол экономикаға, тарихқа ерте қызығушылық таныта бастады, сонымен қатар мектеп өміріне белсенді қатысты. Бұл оған Кеңес Одағының ең беделді жоғары оқу орындарының бірі — Г.В. Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтына түсуге мүмкіндік берді, онда ол экономика саласында іргелі білім алды [2].

    М. Оспанов – азамат, ғалым, оқытушы ретінде

    Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті (БҚМУ) — Қазақстанның батыс өңіріндегі жетекші жоғарғы оқу орындарының бірі. 1957 жылы 1 қыркүйекте Ақтөбе мемлекеттік медицина институты ретінде құрылып, батыс, оңтүстік, солтүстік-батыс Қазақстан аймақтарын білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында қызмет атқарып келеді. 1997–2000 жылдар аралығында  — Ақтөбе мемлекеттік медицина институты, 2000–2009 жылдар аралығында — Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы, 2009 жылдан бастап — Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті болып өзгертілді. Марат Оспанов 1973 жылдан бастап Ақтөбе медицина институтында (қазіргі БҚМУ) саяси экономика пәнінен сабақ берді. 1976 жылдан 1979 жылға дейін ҚазҰУ-да аспирантурада оқыды. 1979 жылдан 1989 жылға дейін Ақтөбе медицина институтында оқытушы, кейін кафедра меңгерушісі болды. Бұл кезеңде ол Қазақстанның медициналық білімінің дамуына елеулі үлес қосты.

    М.Оспанов 1971 жылы «экономика» мамандығы бойынша институтты бітіріп, Қазақстанға оралды. Ол өзінің еңбек және ғылыми қызметін осы жерден бастады. Алғашқы жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарының есептеу орталығының ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеді. Содан кейін Кеңес Армиясы қатарында қызмет етті. Қызметтен кейін ол Ақтөбе медициналық институтында саяси экономика пәні бойынша сабақ жүргізді.

    1976 жылдан 1979 жылға дейін С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқыды. Онда ол экономика саласындағы ғылыми білімін тереңдетіп, зерттеуші ғалым ретінде қалыптаса бастады [3]. Бұл кезең М. Оспановтың ғалым ретінде ғана емес, сонымен бірге нақты интеллектуалды ұстанымы бар ойлы, терең тұлға ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Оның оқытушылық қызметі оның мінезін, тәртібі мен көшбасшылық қасиеттерін қалыптастырудың маңызды кезеңдерінің біріне айналды.

    Замандастарының арасында М. Оспанов жоғары адамгершіліктің, адалдық пен қарапайымдылықтың адамы ретінде танымал болды. Ол әрқашан әріптестері, студенттері немесе қарапайым азаматтары болсын, басқа адамдарға құрметпен қарайтын. Тіпті жоғары лауазымдарда болған жылдары да ол жеке күзеттен бас тартты және базарларда, көшелерде, қоғамдық орындарда адамдармен, халықпен кездесуде тең дәрежеде ашық сөйлескен.

    Әсіресе журналистермен сұхбат барысында сыни ойларын ашық айта білген. Бұл оның өзі қызмет еткен халықына деген терең сезімін көрсетті [4].

    Жақындары мен әріптестері М. Оспановтың өтірікке, адалдыққа, мансапқа төзбейтінін және әділеттілік пен мораль мәселелерінде принципті болғанын еске алады. Ол мінез-құлқындағы ұстамдылықпен, терең жеке тәртіппен, әр мәселеге ерекше назар аударумен ерекшеленді. Бұл принциптер оның саяси қызметте нағыз мемлекетшіл болуына тікелей ықпал етті.

    М. Оспанов отбасылық адам болған. Оның жұбайы – Б. Ахметқалиқызы ол тек қамқор күйеуі мен әке ғана емес, сонымен қатар отбасының тірегі болғанын еске алды [5]. Ол жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан жанұясына көп көңіл бөліп, жақсы атмосфера қалыптастыра алатын еді дейді.

    Оның балаларына, достары мен әріптестеріне деген көзқарасы, шынайы қарым-қатынасы зейінділігімен ерекшеленген. Жақындарының естеліктеріне сүйенсек, ол әйелінің әр туған күнінде оған 19 ақ пион сыйлаған, бұл сан олардың  өмірлік символына айналған. Бұл естеліктері әсерлі, оның отбасылық құндылықтарға адалдығын және жоғары эмоционалды мәдениетін көрсетеді.

    Жауапкершілігі жоғары, саяси қызметте жүріп, ол өзін-өзі жетілдіруге және ғылыми жұмыстарға уақыт тапты. Ол қазақ мәдениетін, тарихын жақсы көретін, халық музыкасын ерекше назар аударды. Кейінгі уақыттарда домбыра тартып үйреніп, белгілі күйші С. Тұрысбектен сабақ алған. Бір естелігінде «Домбыра адамды қазақша ойлауға үйретеді, мен домбыра арқылы ана тілінде сөйледім» дейді, осылайша ұлттық мәдениетке деген құрметті ғана емес, сонымен бірге жеке дамуға деген ұмтылыс зор екені байқалады [6].

    Ол көркем және философиялық әдебиеттерді белсенді оқыды, көпшілікке дәрістер оқып, пікірталас алаңдарында сөз сөйледі. Оның сенімді, нәзік және құрметпен сөйлеу қабілеті тіпті қарсыластарын таң қалдырды. М. Оспановтың зияткерлік әлеуеті оның жеке басының ажырамас бөлігі болған, рухани құндылықтармен тығыз байланысты.

    2000 жылы мезгілсіз қайтыс болғаннан кейін М. Оспановты еске алу әртүрлі формада жалғасты. Ақтөбеде ескерткіш орнатылып, көшелер мен оқу орындары оның есімімен аталды. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан медицина университеті М. Оспановтың есімімен аталады [7].

    Ғалым М.Оспановтың қазіргі уақытта көптеген еңбектері бар және ол туралы жазылған  біршама ғылыми еңбектер мен естеліктер бар. Қазіргі таңда университетімізде Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің алғашқы төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Марат Тұрдыбекұлы Оспанов атындағы оқу аудиториясы ашылды. Кабинеттің ашылу мақсаты Марат Оспановтың университетімізде алған өзінің аталмыш орны мен орасан зор еңбектерін, ұстаз ретіндегі тұлғалық қасиетін университет студенттеріне дәріптеу болып табылады (фото 1,2).



    Фото 1.  Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің алғашқы төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы М. Оспанов атындағы оқу аудиториясының ашылу салтанат. «Қоғамдық – гуманитарлық пәндер» кафедрасының ПОҚ және М.Оспановтың шәкірттері (2025 жыл).

    Фото 2. Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің алғашқы төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы М. Оспанов атындағы оқу аудиториясының ашылу салтанат. «Қоғамдық – гуманитарлық пәндер» кафедрасының ПОҚ және М.Оспановтың шәкірттері (2025 жыл).

    Кабинет Марат Оспановтың еңбек жолындағы “Қоғамдық-гуманитарлық” пәндер кафедрасында, университетіміздің алтыншы қабатында орналасқан. Кабинеттің ашылуына М.Оспановтың жұбайы Бақыт Оспанова және отбасылық досы Джанат Үмбетқызы Ақтаева қаржылай демеушілік жасап, кафедра меңгерушісі, т.ғ.к., Ж.Т.Төлепбергенидің басқаруымен жүзеге асырылды.

    Қайырымдылық, білім беру және ғылыми жобалармен айналысатын М. Оспанов атындағы қоғамдық қор құрылды. Жыл сайын оны еске алуға арналған конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізіледі. Осы шаралардың барлығы М. Оспановтың тұлғасы жаңа ұрпақты шабыттандыруды жалғастыратынын көрсетеді.

    М. Оспанов – саясаткер ретінде

    М. Оспановтың саяси қызметі Қазақстан Республикасының Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу тарихында ерекше орын алады. Жаңа заманның алғашқы реформаторларының бірі бола отырып, ол заңнамалық базаны қалыптастыруға, парламентаризмді дамытуға  ішкі және экономикалық саясаттың стратегиялық бағыттарын әзірлеуге елеулі үлес қосты. Оның есімі мәжіліс құру, салық кодексін қабылдау, азаматтық қоғам құру және мемлекеттік басқаруды жаңғырту сияқты маңызды кезеңдермен тығыз байланысты.

    М. Оспанов – елдегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласып, республика Парламентінің қалыптасуына, саяси және экономикалық реформалардың әзірленіп, жүзеге асырылуына үлес қосқан тұлға. Ол қаржы және бюджет, салық т.б. экономикалық салаларға арналған жүзден аса ғылыми мақала, 8 монография жазды. 1999 жылы «Тұрақтанудан өсімге қарай» атты дағдарысқа қарсы экономикалық бағдарламасын жариялады, кейін бұл Үкіметтің экономикалық бағдарламасына негіз болды. Қазақстан халқын жарқын болашаққа бастап, елдің көшін алға сүйреп, әлемдік қауымдастықтағы әлеуеті зор елге айналдыруда оның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

    Халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған жанашыры, тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға, экономиканы қарқынды дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыруда айрықша табыстарға қол жеткізген кемел көшбасшы. Ол – бабаларымыздан келе жатқан ұлы арман – тәуелсіздігімізді орнықтыру жолындағы қиын белестерді бағындырып, тарих төрінен өзіндік қолтаңбасымен көрінген саясаткер.

    Қазір республиканың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Халықтың тұрмыс-тіршілігі ауыз толтырарлықтай өзгеріп келеді. Тәуелсіздіктің туын көтерген елімізді қажымай-талмай алға бастай білді. Әлемді шарпыған қаржылық-экономикалық дағдарысты дүниежүзінде елдің алды болып еңсеруге аянбай тер төкті. Мыңжылдықтар ауысып, ғасырлар тоғысар алмағайып заманда қайсарлық таныта алды. Білім мен тәрбие – егіз, екеуі қарлығаштың қос қанатындай. Адамгершілік құндылықтар осы екеуі арқылы қалыптасады. Осыны жетік түсінген ғалым М. Оспанов ғылым-білімнің соны жетістіктерімен сусындап, кейінгі жас буынның бойына өркениетті Қазақстанды орнатуға деген құштарлық сезімін ұялатты. Халқымыз дарынды ұлға, талантты қызға қай заманда да кенде болмаған. Олардың бәрі де халқымыздың тарихында өшпес із қалдырып, аспанымызда шоқжұлдыздай жарқырап тұр...

    Егемен еліміздің болашақ азаматтарын өркениетті өзге халықтардан кем болмасын, солармен терезесі тең болсын деп армандады. Жастарды туған елінің мәртебесінің биік, абыройының асқақ, ар-намысының жоғары болуы үшін жақсы білім алып, адал еңбек етуге шақырды. Әлемдік қауымдастықтың талаптарына сай келетін жоғары білікті, білімді, бәсекеге қабілетті маман болғанын тіледі. Осындай жан сүйсіндірер істері арқылы жастарға қамқорлық көрсетті.

    Адам өмірі қилы белестерден, қиялы асулардан тұрады. Сол асуларды еңбекпен еңсеріп, жоғары білім мен біліктің, биік парасат пен пайымның, елім деп соққан жүректің арқасында қатардағы қарапайым жоспарлау, есептеу орталығының ғылыми-зерттеу институтындағы кіші ғылыми қызметкерліктен Парламентаризм мен демократия негізін қалаушылардың бірі, Парламент мәжілісінің тұңғыш төрағалығына дейін кемелденген Марат Тұрдыбекұлының өмірлік тәжірибесінен алар өнеге мол. Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегені бар. Біз болашақ ұрпақтың елдік рухы мықты болсын десек, оларды рухани уызға жарытып өсіруге тиіспіз. Мемлекетшілдік, бірлік, татулық ұғымдарын бала санасына жастайынан сіңіруіміз қажет. Біз өзіміздің балаларымызды, жастарымызды өзгелерді тыңдауға және түсінуге, басқа ұлттардың тілі мен ділін, салтдәстүрін құрметтеуге тәрбиелеуіміз керек. Тәрбие мәселесі отбасының ғана емес, мемлекеттік мәні бар іс екені айқын. Міне, осындай игіліктерді М. Оспановтың істерінен анық аңғарамыз. Қабырғалы қалың елдің еңсесін көтеруге аянбай атсалысқан ғалым туралы қалай айтсақ та жарасады. Батыс Қазақстан медицина университеті базасында 2019 жылы М.Оспановтың 70 жылдығына орай республикалық конференция ұйымдастырылды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен ізденушілер, ел экономикасына сүбелі үлес қосып жүрген тұлғалар, М. Оспановтың жары, ғалымның атындағы қоғамдық қор басшысы Бақыт Ахметқалиқызы қатысты. Ғалым, қоғам қайраткері  М. Оспановтың есімін ел есінде сақтау мақсатында жыл сайын қыркүйек айында кафедра ұжымы студенттер арасында танымдық іс-шара өткізеді.  Биыл 2025 жылы саясаткер М. Оспановтың  75 жылдығына орай тағы бір мазмұнды еске алу шарасы өтті (3-сурет).

    М. Оспанов өз қызметінде нақты саяси идеологияны басшылыққа ала отырып, саяси жағдай қажеттіліктеріне сай шешімдер қабылдап, кәсіби саясатпен айналысты. Ол белгілі идеология өкілі болғандықтан, бір жағынан, оның мақсаттарына сәйкес, екінші жағынан, нақты саяси жағдай қажеттіліктеріне сай өз қызметін жүзеге асыра білді.



    Фото 3. М.Оспановтың 75 жылдығына орай ұйымдастырылған Халықаралық ғылыми-практикалық конференция.  М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ПОҚ және М.Оспановтың туыстары (2025 ж.).

    М. Оспанов – тарихи тұлға ретінде

    М. Оспановтың педагогикалық қызметі оның өмірбаянының маңызды және аз зерттелген жағын білдіреді. Оның есімі Қазақстанның саяси реформалары мен экономикалық трансформациясының символына айналғанға дейін ол оқытушы, ғалым, жастарға тәлімгер болған. Оның жоғары мектептегі көпжылдық жұмысы, академиялық дайындығы, әдістемелік талапшылдығы және білімді жеткізуге деген сүйіспеншілігі оны жоғары білікті маман ғана емес, сонымен қатар сөздің кең мағынасында сауатты оқытушы болған.

    М. Оспанов оқытушылық қызметін 1973 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында (қазіргі Батыс Қазақстан медицина университеті, оның атымен аталған) бастаған. Сол кезде ол қоғамдық бейіндегі пәндерден — КОКП (Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы)  тарихы мен саяси экономика пәнінен сабақ жүргізген. Бұл жай ғана формальды жүктеме емес еді: әріптестерінің естеліктеріне сәйкес, оның әрдайым сабаққа ерекше мұқият дайындалып, материалдарды таңдап, студенттер оқығандарын жақсы түсінуі үшін елдегі және әлемдегі саясиэкономикалық жағдайды талдады [8]. Қазіргі уақытта университетте М.Оспановтан білім алған студенттер бар. Естелік әңгімені өрбітіп көрген жайымыз бар. Алмагамбетова Алтын Сатыбалдықызы – университеттің кәсіби өсу орталығының жетекшісі, Фтизиатрия және дерматовенерология кафедрасының доценті:

    - 1985-86 жылдары М. Оспанов АқММИ-ң (Ақтөбе Мемлекеттік Медицина Институты) саяси экономика кафедрасының меңгерушісі болды. Біз, «Емдік іс» мамандығының 6-шы курс студенттері едік. Сол уақытта М. Оспанов басқарып отырған кафедраға сабаққа келетінбіз. Кеңес халқының өміріндегі осындай орасан зор өзгерістер дәуірінде саяси экономика бойынша практикалық сабақтар өте қызықты және тартымды болды. Сол заманда біз саяси экономика бойынша мемлекеттік ауызша емтихан тапсырамыз. М.Оспанов әрқашан өз пәні бойынша жақсы, үлгерімі жоғары студенттерді атап өтетін. Сол кезде ол маған саяси экономика бойынша емтиханды автоматты түрде  қойып берді. Білім алған тұлғалар Оспановтың талапшыл, бірақ әділ ұстаз болғанын атап өтті. Ол оқуға ресми көзқарасқа жол бермеді, рефераттар мен курстық жұмыстарды дайындауда шығармашылықты ынталандырды, стандартты емес тақырыптарды ұсынды және ғылымға деген қызығушылықты сақтады. Оның көптеген студенттері оның дәстүрлерін жалғастыра отырып, танымал дәрігерлер, ғалымдар мен менеджерлерге айналды.

    1976 жылы Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасына түскен. Оның ғылыми мүдделері Саяси экономика саласында, кейінірек салық және бюджет саясатында көрінген. Аспирантурада алған академиялық дайындық оған жоғары ғылыми деңгейді ғана емес, сонымен қатар экономикалық процестерді терең түсінуге мүмкіндік берді. Бұл әсіресе кейінірек еліміздің стратегиялық экономикалық бағдарламаларын әзірлеуге қатысқан кезде көрінді, бірақ дәл осы жылдары іргетас қаланғандығы айқын. Ол бюджетті қалыптастыру, салық қысымы, ұлттық кірісті қайта бөлу мәселелерін зерттеді, бұл оның экономикалық реформалар тұжырымдамаларына негіз болды [9].

    Ақтөбе медициналық институтына оралып, М. Оспанов Саяси экономика кафедрасында оқытушылық қызметін жалғастырды. Ол оқытушыдан доцентке, кейіннен кафедра меңгерушісіне дейін барды. Университеттегі жұмыс оған тек ғылыммен айналысуға ғана емес, сонымен бірге болашақ мамандарды кең көзқараспен қалыптастыруға мүмкіндік берген.

    Әріптестері оның оқытуды екінші дәрежелі кәсіп деп санамайтынын еске алады. Керісінше, оның қоғамдық және саяси белсенділігінің артуына қарамастан, ол оқу процесіне адал болып қала берді [8].

    Оның әдістемесінде сол кездегі заманауи тәсілдер байқалды: ол кейс-талдауды, құжаттармен жұмыс істеуді, ситуациялық есептерді шешуді қолданды. Ол көбінесе сабақтарға елдің саяси және экономикалық өмірінен нақты мысалдарды енгізді, осылайша студенттерді материалды талқылауға және сыни тұрғыдан түсінуге ынталандырды. Ол Сонымен қатар, басқа университеттердің оқытушыларымен белсенді жұмыс істеді, әдістемелік семинарлар мен конференцияларға қатысты, онда қоғамдық пәндерді оқытуға өз көзқарастарын білдірді. Оның жоғары оқу орындарының жинақтарында жарияланған еңбектері әлі күнге дейін Марат Оспанов атындағы БҚМУ кітапханасында университеттің зияткерлік мұрасының бөлігі ретінде сақталған [10].

    М. Оспанов тәлімгер ретіндегі естеліктерін көптеген әріптестері мен шәкірттері қалдырды.

    Қорытынды

    М. Оспановтың өмірі мен қызметі Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы саяси және экономикалық дамуына үлкен үлес қосты. Оның еңбектері мен бастамалары бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ, ал есімі ел жадында мәңгі сақталады. Сондай-ақ М. Оспановтың еңбектері қаржы, бюджет, салық және басқа да экономикалық мәселелерге арналған. 

    Оның жетекшілігімен оқытушылық мансабын бастағандардың кейбіреулері кафедра меңгерушілері, проректорлар және профессорлар болды. Бұл оның білім беріп қана қоймай, аймақтың ғылыми және педагогикалық элитасын тәрбиелегенін көрсетеді. Оның шабыттандыру және тәжірибе алмасу қабілеті оқу бағдарламасын білу сияқты маңызды болды.

    М. Оспанов дүниеден өткенен кейін тәуелсіз елдің дамуына, Қазақстанның білім, медицина, экономика, саяси институттардың қалыптасуына қосқан үлесі үшін, Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясына, яғни, бүгінгі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне есімі беріліп, оның салтанатты ашылуына ҚР Тұңғыш президенті арнайы қатысқан тарихи сәттің көпшілік куәсі болған.

    Университетте М. Оспанов мұражайы жұмыс істейді, онда оның қолжазбалары, кітаптары, фотосуреттері, құжаттары жинақталған. Бұл кеңістік оның зияткерлік және педагогикалық мұрасын жас ұрпаққа сақтау және беру орталығына айналды. Сондай-ақ, университет ғылыми қызметте белсенді оқитын студенттерге атаулы стипендиялар мен гранттар тағайындайды. Университет оқу – тәрбие, ғылым, медициналық тәжірибелер арқылы ел идеологиясының маңызды бағыты, денсаулық сақтау саласында жасалып жатырған нәтижелі жұмыстары арқылы М. Оспановтың есімі ұрпақтар жадында мәңгі қалары анық.

    Төлепбергени Ж.Т. - https://orcid.org/0009-0002-2861-0727

    Жангалиева А.Р. - https://orcid.org/0000-0001-5051-5844

    Молдин Б.А. - https://orcid.org/0009-0006-7600-2194

    1. Оспанов Марат Тұрдыбекұлы. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 2005. Т.7. – Б. 132. https://ru.wikipedia.org/wiki/Оспанов,_Марат_Турдыбекович
    2. «Демократ Оспанов». Первый спикер мажилиса и его отношения с Назарбаевым. Радио Азаттык. https://rus.azattyq.org/a/kazakhstan-theformer-speaker-of-mazhilis-marat-ospanov/31071659.html
    3. Марат Оспанов. Демократ. Патриот. Личность. Караван. https://www.caravan.kz/news/marat-ospanov-demokrat-patriot-lichnost-88679/
    4. Оспанов Марат Турдыбекович. Большая российская энциклопедия. https://bigenc.ru/c/ospanov-marat-turdybekovich-bfa904
    5. Маринец А. Замечательный отец и муж. Актюбинский вестник. 2019. https://avestnik.kz/zamechatelnyj-otecz-i-muzh/
    6. Вклад Марата Оспанова в создание гражданского законодательства // Zakon.kz. https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=33633063
    7. М. Оспановты еске алу конференциясының материалдары. - Ақтөбе: Батыс Қазақстан медициналық университеті, 2020. – 112 Б. URL: https://zkmu.edu.kz/ru/2023/05/17/zavershenie-dnej-pamyati-pedagoga-uchenogo-politika-marata-ospanova/
    8. Марат Оспанов: Педагог. Саясаткер. Ғалым // Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті. – 2022. - 15 қыркүйек. URL: https://zkmu.edu.kz/ru/2022/09/15/marat-ospanov-%d2%b1staz-sayasatker-%d2%93alym/
    9. Оспанов, Марат Тұрдыбекұлы // Уикипедия. URL:https://ru.wikipedia.org/wiki/Оспанов
    10. БҚМУ-дағы Марат Оспанов мұражайы // Zakon.kz. URL: https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=31616431

    Қосымша файлдар