Ізғали Байнашев – химия кафедрасының негізін қалаушы, саяси репрессия құрбаны

Автор(лар):

Дильмагамбетов С.Н., Гумарова Ж.Ж., Молдин Б.А.

Жұмыс орны:

  • Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Ақтөбе, Қазақстан
  • Библиографиялық сілтемесі:

    Дильмагамбетов СН, Гумарова ЖЖ, Молдин БА. Ізғали Байнашев – химия кафедрасының негізін қалаушы, саяси репрессия құрбаны. Ğylym aliansy. 2024;1(3):

    Аннотация
    Толық текст
    Авторлар
    Әдебиеттер тізімі
    Қосымша файлдар

    Аннотация. Мақала қазіргі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін құруға ат салысқан, оның алғашқы кафедраларының бірі бейорганикалық химия кафедрасын ұйымдастырған Ізғали Байнашевке арналған.
    Өткен ғасырда кеңес дәуірінде орын алған саяси қуғын-сүргін кезінде жазықсыз жапа шеккендердің арасында мақаланың кейіпкері І.Байнашев те болды.
    Жоғары оқу орнында ол аздаған уақыт қана жұмыс жасап үлгірді. Осы уақыт аралығында ол барлық күш-жігерін кафедраны білікті мамандармен қамтамасыз етуге, оқу жұмысын қажетті деңгейде ұйымдастыруға жұмсады.
    Әрдайым өткен тарихымызды ұмытпай, біздің болашағымыз үшін күрескен ата-баба рухына тағзым ету – біздің парызымыз.

    Негізгі сөздер. қуғын-сүргін кезеңі, Ақтөбе мемлекеттік медицина институты, медицина тарихы, кафедра

    Өткеннің тарихын жазу, келешек ұрпақтың зердесіне арғы-бергі күндердегі асылдарымызды таныту, еңбектерін көрсету – азаматтық міндеттеріміздің бірі. 31 мамыр Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі – 1928-1953 жылдар аралығында Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында (КСРО) орын алған сталиндік жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылықтан зардап шеккендерді еске алу күні деп жарияланды.

    Қазақстанда бұл күн 1997 жылдан бастап аталып өтілуде, себебі 1997 жыл саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып аталды. Тәуелсіздік жылдарында жан-жақты зерттеулердің нәтижесінде қазақ тарихына жаңаша көзқарас қалыптасты.

    Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың алғашқы кезеңі сонау 1954 жылдары басталғанымен, кеңестік саясат саяси террор құрбандарын ақтауға толық мүмкіндіктер бермеді, белгілі қазақ зиялылары М. Дулатұлы, М. Шоқай т.б есімдер ақталмады. Екінші толқын 1989 жылы Мәскеудегі «Мемориал» қозғалысының үлгісімен құрылған Манаш Қозыбаев бастаған «Әділет» тарихи ағарту қоғамының жүйелі, тыңғылықты жұмысынан бастау алды. Осы тақырыптарда зерттеулер жалпы ұлттық деңгейге көтеріліп, 90-жылдары «архив революциясы» атты ғылыми зерттеулерге мүмкіндік берді.

    Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы болып қабылданған заңдардың бірі де – осы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң еді. Аталған заң 1993 жылы 14 сәуірде қабылданды [1].

    2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын [2]. Осы шаралардың нәтижесінде өңірлік комиссия құрылып арнайы архивтер мен респуликалық архивтердегі ізденіс жұмыстары кешенді жүргізіліп келеді. Ақталмаған ұлт қайраткерлерін ақтау мәселесі бойынша үш бағыт айқындалған: бірінші бағыты – Алаш қозғалысының қайраткерлері (жекелеген адамдар, топтар, ұйымдар мен партиялар) азаттық жолындағы күресі (көршілес елдердегі архив деректері); екінші бағыты – тәркілеу кезіндегі байлардың бостандығы және өмір сүру құқығы үшін күресі. Үшінші бағыты – соғыстан кейінгі жылдардағы адам құқықтары мен азаттық жолындағы күрес және білім-ғылым саласындағы ағартушыларға қарсы бағытталған саясаттың құрбандарын ақтау. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған І. Байнашев – осы үшінші бағытта қудаланған тарихи тұлғалардың бірі (1-сурет).

    oops

    Сурет 1. І.Б. Байнашев

    Президент шешімімен құрылған мемлекеттік комиссия мүшелері мұрағаттық зерттеулер жүргізді. Комиссияның қызметі ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағытталған. Белгілі ғалымдар мен сарапшылардан құрылған комиссия мүшелері еліміздің мұрағаттарында, жабық қорларда ауқымды зерттеулер жүргізді.

    Атқарылған ауқымды жұмыстың арқасында 146,5 мың кінәсіз айып тағылған қазақстандықтың аты жазылған 14 "Аза кітабы" жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам азамат ақталды.

    Сонымен, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар жаппай ақталды, халқының жарқын болашағы үшін жанын пида еткен қазақ зиялыларының есімдері ақталып, қайта жазылды.

    Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде ескерткіштер орнатылды, екі мұражай ашылды. Оның біреуі – 2001 жылы Карағанды лагерьлерінің басқармасы ғимаратында ашылған Карлаг мұражайы, ал екіншісі – 2007 жылдың 31 мамырында ашылған «АЛЖИР» мемориалдық кешені.

    КСРО-дағы саяси қуғын-сүргіннің тарихи кезеңдері:

    Қазақстанда 1930 жылдары еңбекпен түзету лагерьлері көптеп ұйымдастырыла бастаған. Ел аумағында ГУЛАГ-тың (Гла́вное управле́ние исправи́тельно-трудовы́х лагере́й (Еңбекпен түзеу лагерлерінің бас басқармасы (аудармасы)) 11 лагері болған, солардың ішінде Ақтөбенің де лагері болды [3].

    1937-38 жылдарда террор жаппай сипат алды. Бұл жылдарда кеңес үкіметін орнату мен нығайтуға қатысқан, кезіндегі «Алаш» партиясының көрнекті қайраткерлері мен мүшелері Ә. Бөкейхан, Х. Досмұхамбетұлы, А. Байтұрсынұлы, т.б. жазаға ұшырады, оларға "ұлтшыл" деген айып тағылды, «халық жаулары» деп жарияланып, атылды. Жаңа қазақ әдебиетінің негізін салушылар С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров, М. Жұмабаев, М. Дулатов жазаға ұшырап, ату жазасына кесілді. Көрнекті тілші, ғалым, профессор Қ. Жұбанов, С. Асфендияров, Ақтөбе қаласында 1912 жылы ашылған алғашқы ауруханада қызмет жасаған, қазақ дәрігер Әбубәкір Алдияр, Ғылым академиясының басшысы М. Төлепов және басқалары жазалау шараларының құрбаны болды.

    Тарихи деректерге сүйенсек, 1918-1933 жж. аралығында Қазақстанда 3 миллионнан астам адам қаза тапқан. Оның ішінде 1,7 миллионға жуығы соңғы үш жылында қаза тапқан. 1937-1938 жылдар аралығында қуғын-сүргін құрбандарының саны 125 мыңнан астам адамды құраған [4].

    Қазақ даласында ашаршылықтың екі рет болғанын тарихтан білеміз. Кеңес өкіметінің 1928 жылғы тамыздағы орта және ірі шаруашылықтарды тәркілеу туралы шешімі тарихи трагедияға ұласты. 1933 жылға қарай 40 миллион мал басының оннан бір бөлігі қалды. Мұндай іс-әрекеттерден бірінші кезекте қазақтар зардап шекті, себебі мал олардың негізгі азықтанудың жалғыз көзі болған. Тәркілеуге 4,5 миллионға жуық мал басы алынған 11 260 шаруашылық кірді. Нәтижесінде халықтың 30 пайыздан астамы, яғни 2,5 миллион, кейбір деректер бойынша 3 миллиондай адам опат болды.

    1940-жылдардың соңы мен 1950-жылдардың басында Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін ғылым, әдебиет пен өнер саласындағы көрнекті зиялыларды қамтыды. Ұлттық интеллигенция арасында «буржуазиялық ұлтшылдық» тезисі қайтадан жанданды. Ғалымдарға қарсы репрессиялар етек алды. Оларды университеттерден, партия қатарынан шығару, ғылыми дәрежелері мен атақтарынан айыру, қызметтеріне шектеу жасау жүргізілді.

    Әділетсіз саяси айыптаулардың құрбаны болған республиканың көрнекті қоғамтанушылары А. Жұбанов, Х. Жұмалиев, Б. Сүлейменов, Е. Ысмаилов, Л. Домбровский қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл тізімге Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Ғылым академиясының президенті Қ. Сәтпаевты, көрнекті жазушы-ғалым М. Әуезовты, КазМУ-дің ректоры Т. Тәжібаевты қосу керек. Космополитизммен айыпталған бірқатар биолог-ғалымдар, дәрігерлер мен геолог мамандар республиканың ғылыми мекемелері мен университеттерінің кафедраларынан шығарылып, қуылды [5]. Қазақстан Республикасының (ҚР) Президенті қастерлі оқиға туралы: "Біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Мемлекетіміз қуғын-сүргіннен жазықсыз жапа шеккен жандарды ақтау, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін объективті әрі тыңғылықты зерделеу жұмыстарына баса мән беріп отыр. Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек. Сонда ғана кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, әділетті мемлекет және өркениетті қоғам құру жолындағы биік белестерді бағындыра аламыз", – деп жазды.

    Осы саяси қуғынға ұшыраған қазақ зиялыларының ішінде Ізғали Байнашұлы Байнашев та болды.

    І.Б. Байнашев 1907 жылы Батыс Қазақстан Облысының Қаратөбе ауданындағы Батпақкөл ауылында дүниеге келген. Білімге деген құштарлық оны М.В. Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің химия факультетіне алып келеді. Оқуды бітіргеннен кейін ол Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында оқытушы болып қызмет атқарады. І.Б. Байнашевты 1949 жылдың 1 қыркүйегінде Батыс Қазақстан облысының Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қамауға алады. БҚО сотының 27.01.1950 жылғы шешімімен РСФСР (Российская Советская Федеративная Социалистическая Республика – Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы) Қылмыстық кодексінің 58-10 бабы бойынша 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырып, еңбекпен түзету лагеріне айдалып кетеді.

    1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумы «Рақымшылық жасау туралы» жарлық шығарылды. Осыған байланысты елдегі тұтқындардың үштен бірінен астамы босатылуы керек болатын.

    Жаппай заңгерлік құқықтық оңалту П.Н. Поспелов басқарған комиссия жұмысының нәтижесінде басталды. 1954-1961 жылдары қылмыс құрамы болмаған 737182 адам ақталды, 208448 сотталғандар ақталудан бас тартқандары да болды. Комиссия жұмысының нәтижесінде ақталып, еліне қайтқандардың ішінде І.Б. Байнашев те болды.

    Ізғали Байнашұлы КСРО Жоғарғы сотының 23.10.1959 ж. Шешімімен қылмыс құрамының болмауына байланысты толық ақталып шықты.

    Айта кету керек, І.Б. Байнашев туралы бұл ресми мәліметтер «КСРО-дағы саяси террор құрбандары» мәліметтер базасынан, Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігі мен Батыс Қазақстан Облысының Қауіпсіздік комитетінің жариялымдарынан алынды.

    Оңалту саясаты кезінде І.Б. Байнашев 1957 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының бейорганикалық химия кафедрасына қызмет етуге шақырылып, неорганикалық химия кафедрасына 05.10.1957 жылы №14 бұйрықпен кафедра жетекшісі болып жұмысқа қабылданды (2-сурет).

    oops

    Сурет 2. Ғылыми қызметкер І.Б. Байнашевтың тіркеу картасы

     Жоғары оқу орнында ол аздаған уақыт қана жұмыс жасап үлгерді. Кафедраны білікті мамандармен қамтамасыз етуде, оқу жұмысын қажетті деңгейде ұйымдастыруда ол кісінің еңбегі ұшан-теңіз. Бірақ өмірден ерте кеткен, І.Б. Байнашев 1960 жылы дүние салды.

    Ізғали Байнашұлы және оның әйелі Муслима үш баланы тәрбиелеп өсірді.

    Олардың қызы Татьяна 1962 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына (АқММИ) оқуға түсті. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Татьяна Изгалиевна Байнашева оқу орнының әлеуметтік гигиена кафедрасында 2016 жылға дейін жұмыс істеді.

    Халқымыздың басынан өткен қасіретін халық жадынан ешкім өшіре алмас. Бұл – біздің Отанымыздың тарихындағы өзекті мәселе. Бүгінгі күнге дейін білімге деген құштар М.В. Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің химия факультетінде білім алған, Ақтөбе медицина институтында ашылған «химиялық пәндер» кафедрасының негізін қалаған, ғалым, қоғам қайраткері, өзінің ақыл-парасатымен саяси істердегі белсенділігімен кеңестер жүйесінің солақай саясатының кемшіл тұстарын уақытында сынаған, халықтың игілігімен мүддесіне аянбай қызмет жасаған, І. Байнашевтің есімін ұмыттырмау үшін, қазіргі химиялық пәндер кафедрасының оқытушы-профессорлық құрамы ғалымның есімімен байланыстырып танымдық шараларды жүйелі түрде өткізіп, ғылыми мақалаларды баспасөз беттеріне жариялап келеді. Бұдан біз елі үшін адал қызмет жасаған тұлғалардың есімі ешқашан ұмытылмайтынын байқамыз.

    Әрдайым өткен тарихымызды ұмытпай, біздің болашағымыз үшін күрескен ата-баба рухына тағзым ету – біздің парызымыз. Жазу барысында сүйсінгеніміз  сол – белгілі-белгісіз есімдердің жаңғырғаны, мұңайғанымыз  сол – ғалымның тағдыр тауқыметін тартқаны, арпалысты ғұмырлары. 

    ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуінде «Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық» – деп атап өтті. Тағдырлас ұлттардың киелі қазақ даласына күштеп әкелуінің тағы бір кезеңі 1925 жылы елімізді басқаруға келген Филипп Исаевич Голощекеннің Қазақстанда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатымен байланысты еді. Осы бір солақай саясатты сынаған қазақ зиялылары жаппай қуғынға ұшырады. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен науқанға кіріскен белсенділер республикадағы 40 миллионнан астам мал басының қырылуына әкеп соқтырды, нәтижесінде қолдан жасалған аштықтан 1,5 миллионнан астам адам қайтыс болды. Міне, осы зұлматты жылдары қазақ даласына қоныс аударуға мәжбүр болған көптеген ұлттар Қазақстан халқы деген елге айналды. Сол замандағы кеңестік реформалардың зардаптарын, коммунисттік партияның асыра сілтеу саясатын көзі ашық, сауатты І.Байнашев та ашық сынағанын, оның партия қатарынан шығарылып, халық жауы ретінде қудаланғанын айтуға болады. Ұлтына адал қызмет жасап, ұлтының мүддесі үшін күрескен мемлекетшіл азаматтардың есімін ақтап алу, ардақтау, тарихи сананы қайта жаңғырту – қазіргі уақыттың міндеті. Бүгінгі зерттеу бір топты екінші топқа қарсы қою емес, тарихи оқиғаларға шынайы баға беру, өткенге қарай отырып, тарихтағы қателіктерден сабақ алу, кейінгі қоғам осы қателіктерді қайталамау үшін тарихи сана қалыптастыру. Мұқағали өз жырында «Біздерді іздейтін біреу болса, шаң басқан архивтен табылармыз» деп жырлаған. Байнашев туралы ақпарат іздеп, Ақтөбе облыстық архивте және ұлттық қауіпсіздік комитеттің архивінде болдық, ғалым туралы ақпараттар 563 іс-қағазда тіркелген, бірақ мардымды ақпараттар – жоқтың қасы. Ізғали Байнашев қысқа ғұмырында елін, жерін шексіз сүйіп қызмет жасады. Елім деп еңіреген тұлғаны да егемен елі ұмытпай, ұлықтай берері анық.

    Гумарова Ж.Ж. - https://orcid.org/0000-0001-7660-0828

    Молдин Б.А. - htthttps://orcid.org/0009-0006-7600-2194

    1. «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі № 2143-ХІІ Заңы

    2. "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 5 сәуірдегі №3443 Жарлығы

    3. Козыбаев ИМ. «Большой террор» в Казахстане. Алматы: Раритет, 2019.

    4. Мозохин ОБ. Репрессии в цифрах и документах. Деятельность органов ВЧК-ОГПУ-НКВД-МГБ (1918-1953 гг.). Москва: Вече, 2018.

    5. Койгелдиев МК. Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920–1940-х годов. Алматы, 2009.

    Қосымша файлдар