Тайжанов А.Т.
Тайжанов А.Т.. Әлеуметтік-гуманитарлық білім мәселелеріне философиялық көзқарас. Ǵylym aliansy. 2025;2(3):98-106.
Аннотация. Жаһандану заманында адамзат, ұлт, мемлекет жетістігі оның әлемдегі орны күшпен емес, біліммен, ғылыммен өлшенеді. Сондықтан Тәуелсіз Қазақстан үшін жастарымызға ғылыммен ұштасқан білім беру, оларды Адал Азамат етіп тәрбиелеу аса маңызды. Білім беру ісі күрделі әрі жауапты іс екендігін бүкіл әлем елдері де, осы сала мамандары да жоққа шығармайды. Алайда, білім абстрактілі берілмейді, ұлттық-унитарлы мемлекеттерде ол негізінен белгілі бір ұлт пен ұлыс өкілдеріне олардың табиғи және рухани қажеттіліктерін ескере отырып беріледі. Ендеше, жастар бойындағы: ұлттық болмысты, ұлттық менталитетті, ұлттық сананы қалыптау өзекті мәселелердің бірі болмақ. Ал осы аталғандарды жүзеге асыруда әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың орны бөлек. Біздің мақаламыздың басты мақсаты және өзектілігі – жоғары оқу орнында өтілетін әлеуметтік-гуманитарлық пәндердің мазмұнына саяси-әлеуметтік және дүниетанымдық тұрғыдан талдау жасай отырып, оларды болашақта қалай оқытуымыз керектігі туралы пікір бөлісу.
Бүгінгі жастар болмысын қалыптастыруда білім қандай қажет болса, олардың саналы, парасатты, әдепті адам болуларында тәрбиенің де орны ерекше. Білім мен ғылымның ел мен елді теңестіретін қандай шындық болса, тәрбиесіз берілген білімнің де адамға пайдасыздығын талай ойшылдар айтқан. Мақалада «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттық қас жауы» (Әл-Фараби) – деген қағиданы басшылыққа ала отырып, білім мен тәрбиенің тығыз байланысты екендігі де сөзсіз болады.
Нәтижесінде: Қазіргі білім беру процесінде өз кәсібін терең игерген маман қандай қажет болса, әлеуметпен тіл табыса білетін, гуманитарлы тұрғыдан білікті, тәрбиелі, Адал Азамат болу, тәуелсіз елге, ұлтқа саналы қызмет ету азаматтық парыз деген ой қорытынды жасалады.
Негізгі сөздер: әлеуметтік-гуманитарлық білім, философиялық білім, философиялық көзқарас, білім философиясы, білім мен тәрбие, руханият
Егемен, Тәуелсіз дамуымыздың арқасында еліміз бүкіл әлемдік кеңістік пен әлемдік саяси аренадан өз орнын бекітті, Стратегиялық даму жолын анықтады. Қазіргі уақыт – жаһандану заманы, адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы. Ендеше, заманына қарай адамы, заманына қарай әлеуметтің іс-қимыл әрекеті болуы керек. Ол қоғамдық өміріміздің барлық саласын қамтиды. Әйтсе де, осы салалардың ішінде әлеуметтік сала, оның ішінде ең күрделі де, қиын сала – білім мен тәрбие беру. Қазақстанның қазіргі даму кезеңінде ғылыммен ұштасқан білімнің - экономикалық жетістіктердің, жалпы халық шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттырудың қозғаушы күші ретінде танылуы, оны ұлттық қауіпсіздіктің, елдің әл-ауқатының өсіп, әрбір азаматымыздың жақсы тұрмысын қалыптастырудың маңызды факторларының біріне айналдырып отыр. Сондықтан да, еліміздің білім беру жүйесінде көптеген реформалар, модернизациялау мен трансформациялау процестері жүргізілді, әлі де жүріп жатыр.
Білім берудің өте маңызды, күрделі, әрі жауапты іс екендігін бүкіл әлем елдері де, осы сала мамандары да жоққа шығармайды. Әсіресе, Тәуелсіз даму жолына түскен біздің ел үшін білім беру саласын дұрыс жолға салу кезек күттірмейтін мәселе. Алайда, білім абстрактілі берілмейді, ол белгілі ұлт пен ұлыс өкілдеріне беріледі. Олай болса, қазіргі әлеуметтік-гуманитарлы ғылымдарымызды ұлттың рухани деңгейін жоғары көтеруге бағдарлауымыз қажет. Өйткені, біздің әлеуметтік-гуманитарлық біліміміз бен білігіміз өзара түсінісуімізге, толеранттық санаға қарай бет бұруымызға, ұлт өкілі ретінде өзімізді – өзіміз тануға мүмкіндік туғызады.
«Білім – ұлттық мәдениет пен руханияттың ұдайы дамуы мен жаңаруының берік негізі. Ол өмір сүрудің мәні мен мазмұнын, ұлттық өркениеттің тарихи тағдырын, болмысын айқындайтын бірден-бір жүйе» [1]. Оның маңыздылығы мен өзектілігі тәуелсіз даму жолына түскеннен кейін білім беру саласын отарлаушы елдің бөгде сана шырмауынан дер кезінде «сауықтыру» керектігімен айқындалады. Бүгінгі жастар болмысының ертең қалай қалыптасарына білім мен тәрбие берудің әсері зор. Еліміздің өркениетті елдер көшінен қалмай, басқалармен терезесін тең ұстауы да білім-ғылымның дамуымен тікелей байланысты. Өйткені, «дүнияда ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көпке теңгеретін, елсізді елдіге теңгеретін, жоқты барға теңгеретін білім, ғылым мен өнер» [2]. Ғылымның елді елмен, халықты халықпен теңгеретіні – заман шындығы. Бұны Абайдан бастап М.Әуезовке дейінгі қазақ зиялыларының бәрі де айтқан.
Қазақ халқын жаппай сауатты болуға шақыру, зайырлы білім беру XIX ғасырдың ортасынан бастап қолға алынды. Әсіресе, XX ғасырдың басындағы «Алаш» қайраткерлері бұл істі жүйелі түрде жүргізді. Олар «отаршылықтан құтылудың бірден-бір жолы – халыққа білім беру арқылы санасын жаңарту» [3] - деп білді. Мектептер мен медреселерде жүргізілетін оқу жүйелерін «жаңа әдіске» (жадид) сай реформалап, діни сабақтармен қатар ғылымның әр саласынан хабар беретін арифметика, география, тарих, жаратылыстану, тіл пәндерін жүргізуді алға қойды. Олардың көпшілігі өздерінің негізгі жұмыстарымен қоса ағартушылықпен айналысып, мектеп оқулықтарын жазды.
Өте ұзаққа созылған отарлық білім берудің нәтижесінде ұлттық тілін меңгермеген, мәдениетінен мақұрым, дәстүрін білмейтін, отаршылардың сойылын соғатын, бойларында төл мәдениеттің де, бөгде мәдениеттің де болмысы қалыптаспаған «шекаралық» халдегі мәңгүрттер қалыптасты. Мұндай адамдар үшін ұлттық болмыс, ұлттық мүдде, ұлттық сана, ұлттық рух, ұлттық дәстүр, ұлттық мақтаныш және тағы сол сияқты ұғымдар жат болды. Олар интернационализм идеясын желеу етіп, «ұлттық» деген мәселенің қойылуының өзін жөнсіз деп есептеді. Жөнсіз болатыны пайдасыз, тәрбиесіз алынған білімдер бұл ұғымдарды санадан өшіріп тастаған еді. Жалпы адамды физикалық тұрғыдан да, рухани, яғни, білімі мен тәрбиесі арқылы да мәңгүрт қылуға болатындығы әлем әдебиеттерінде талай жазылған. Ал біз ол туралы Ә.Кекілбаев пен Ш.Айтматов шығармаларынан білеміз. Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романы КСРО заманының шынайы бет-бейнесін егжей-тегжейлі ашып көрсеткен роман ғана емес, тәрбиесіз, пайдасыз алынған білімнің адамның адамшылығын бұзатыны, адамның бойындағы ұлттық намысын, ұлттық мінезін жоятыны, тарихи сананы ұмыттыратыны өте шебер бейнеленген де шығарма.
Қазақ зиялылары ұлты үшін ағартушылық жолын таңдаса, бүгінгі ұрпақ өкілдері кешегі Кеңес заманында орныққан санадағы салғырттықпен күресуі қажет. Бұл – рухани саладағы күрес. Білім берудегі отарсыздану үдерісі отаршылық әкелген бөгде санадан, мәңгүрттіктен арылудың бірден бір жолы. Білім сананы ағартады, отарлық сананың шеңберін бұзады және жаңа көзқарас қалыптастыруға негіз болады. Бұл жерде мәселе білімнің төл санаға пайда әкелетін, немесе, пайда әкелмейтін түрлерін дұрыс анықтап алуымызда. Осы жерде қазіргі заманғы тәуелсіз еліміздің философиясының орны да, маңыздылығы да, құндылығы да анықталмақ. Төл санаға пайдалы, не пайдасыз білімдерді неліктен білім философиясы анықтауы керек деген сұрақ туындауы мүмкін. Себебі, «сана», «төл сана» және «бөгде сана» ұғымдары философияның категориялары. Мектептерде, колледждерде, ЖОО-да беріліп жатқан білімдердің, әсіресе дүниетанымдық маңызы бар пәндер бойынша білімдердің жай-күйін білім философиясы анықтап, дұрыс бағыт-бағдар беріп отыруы қажет.
Білім беруді рухани өндірістің жеке саласы, ғылыми дүниетанымды қалыптастыру құралы, адам қызметінің түрлерінің бірі, дайын білімді беру тәсілі ретінде түсіндіретін әртүрлі дәлелдеулер де бар. Шын мәніне келгенде оқыту арқылы тәрбиелеу, ал тәрбиелеу арқылы оқыту қажет. Білім беру дегеніміз – өзгермелі қоғамдық өмірге бағытталған интеллектуалды, рухани бай, адамның толық тұлғасын қалыптастыру. Білім беру мәселелерінің шеңбері жеке адамдарды қалыптастыру мәселелері, ұрпақтан-ұрпаққа мәдениетті табыстаудың ерекше тарихи формаларын қамтитын мәдениет тарихы шеңбері, адамдардың қарым-қатынасы мен қызметі формаларының тарихы. Сондықтан білім беру негіздеріне теориялық тұрғыдан әлеуметтік-философиялық талдау жасау бұл мәселелерді шешудің алғышарты болып табылады. Біз ғылыми ізденісімізде осындай түсінікті басшылыққа алып, аталған мәселелердің кейбір тұстарын нақтылауды мақсат еттік.
Білім мен тәбие беру ісі – күрделі және өзіндік ерекшелігі бар, жауапкершілікті іс. Оның әрбір тұсы әдіснамалық, танымдық-тағылымдық пайымдауды, әлемдік және отандық практикамен салыстыруды қажет етеді. Осыны ескеріп, ғылыми ізденісіміздің мазмұнын ашу барысында философиялық таным мен ғылыми танымдағы логикалықтың бірлігі, жүйелілік қағидаларын басшылыққа алдық. Таным процесі мен ғылыми ізденісте негізгі әдістер болып табылатын: сараптау, талдау, салыстыру, аналогия, тұрақтылық пен нақтылық қағидаларына да ерекше мән бердік. Мақаланың концептуальды негізіне жалпыфилософиялық мәндегі теориялық әдістемелер – объективті заңдылықтарды негізге алу, тарихи жалғастық пен сабақтастық тағы басқа ұстанымдар мен әдістерді қолдандық.
Сонымен қатар, ғылыми ізденіс барысында шетелдік және отандық танымал тұлғалар мен зерттеуші авторлардың еңбектеріндегі біздің тақырыбымызға қатысты ой-пікірлер дереккөз және біздің пікірімізге дәйектеме ретінде ғылыми айналысқа түскен.
Мақалада философиялық сипаттағы білім мен нақты зерттеудің мазмұнына қатысты теориялық білімдерімізге сүйене отырып, таным-тағылымдық шынайылықты зерттеудің іргелі әдістерінің бірі – әлеуметтік әдісті де қолдандық. Нәтижесінде, Тәуелсіздікке дейін ұзақ уақыт биік мұраттар мен ұлттық санадан көз жазып қалған этникалық мазмұнды білім жүйеміз бен тәрбиемізді отандық білім салаларының барлық басқыштарында жаңғырту, дүниетанымдық та, көзқарастық та тұрғыдан пайымдау аса қажет деген тоқтамға келдік.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап, әуелі КСРО шеңберінде, кейін Тәуелсіздік жылдарында елімізде білім беру саласында біршама реформалар жасалды, әлі де жасалып жатыр. Алайда бұл реформаларды ұлттық, унитарлық мемлекеттің қажетін өтей алатын мазмұндағы реформалар деп айта аламыз ба? Білім берудің әдістері мен білім беру тілімізде отарсыздану үдерісі жүргізілді ме? Білім саласы отарлық сана қалыптастырған дүниетанымдық негіздерден арылды ма? Дж. Нерудің «Өмірбаян» деген кітабында «Менің елімнің тарихы ағылшындардың көзқарасымен жасалған тарих еді» [4] – деп жазылуы тегіннен тегін емес. Біз отарлаушылар жазып берген тарихымызды қайта қарай алдық па? Қазақ халқының тарихына, қазақ ойшылдарына объективті пікір бере алдық па? Әлем халықтары философиясының көлеңкесінде келген қазақ халқының төл философиясының жағдайы қандай? Колледждерде, ЖОО-да философия пәнін оқыту арқылы оқушылардың, студенттердің бойында «тәуелсіз» сана қалыптастыра алып жүрміз бе? Сұрақ көп, жауап қандай?!
Философия жастардың дүниеге, қоғамға қатысты көзқарасын қалыптастырады. Білім беруде философия пәнін оқытудың маңызы философияның көзқарас қалыптастырушы қызметімен айқындалады. Философия пәнін оқытуда шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Ондай мәселелер қандай дегенге келсек, біріншіден, философия пәнін оқытуда туындайтын мәселенің ең негізгісі – қазақ философиясын барлық мамандықтардың, білімдер саласының мамандықтарының студенттеріне оқытуда туындайды. Әзірге ондай мүмкіндік жоқ. Себебі, қазіргі заманда бұрынғы маркстік-лениндік философияны оқытқандай оны барлық мамандықтарға міндеттеп оқытпаймыз, керісінше жыл сайын қоғамдық-гуманитарлық сала ғылымдарының сағат саны азайтылуда. Қазақ философиясын өзіміз оқымағанда, елімізде оқытпағанда кімге оқимыз, қайда оқытамыз? «Тәуелсіз» төл философияны оқыту отарлық дәуірде санамызға сыналып енген мәңгүрттік санадан арылудың жолы емес пе? Себебі, философия сананы ағартады, тәуелсіз сана қалыптастырады.
Осы жерде екінші мәселенің шеті шығады. Мысалы, Абайдың Ғақлия сөздерінде, адам болмысы, ақыл, жүрек, жан мен тән, Алланы тану жайлы айтқан ойларына қарағанда, оның әлеуметтік-саяси ойлары, халықты білім алуға шақыратын «ағартушылық» идеялары көп жазылады. Бұлардың бәрінен елімізде қазақ тілінде сапалы философия оқулықтарының жетіспеушілігі мәселесін шешу, философия пәнін оқытуды қайта жоспарлау қажеттілігі туындағандығы көрінеді.
Бірлік пен жасампаздықтың ұзақ жылдық тарихын басымыздан өткіздік. Тек бірліктің мағынасын дұрыс түсінгеніміз жөн. Бірлік, Абай айтпақшы: «бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес...» [5]. Сондықтан бірлік дегенде ақылға бірлік, ұлттық рухқа, намысқа бірлік, ұлттық танымға бірлік болуы керек. Сөзіміз бен ісіміз бір жерден шықпай, қазақтың тарихын, ұлттық болмысын, ойшыл ғұламаларын танудағы өлшемдеріміз қазақтық өлшемдерге сай келмей жатса, Абай айтқан «антұрғандықтың» басы осы. Қате өлшем ақиқатқа бастамайтыны белгілі. Жалған сананың құрсауында қалып қойғымыз келмесе, дүниетанымдық өлшемдерімізді өзгертуіміз қажет. Қазақ зиялылары «Оян қазақ» десе, бүгін біз: «Ойлан қазақ» деуіміз керек. Мемлекетіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарында прагматизмге ерекше көңіл бөлінуі де осы қажеттіліктен туса керек.
Ал жаһандану дәуірінің адамы үшін әлемді игеру, өмір сүрудің мәні мен мағынасы, рухани әлемін тұтастандыру, таңдау еркіндігі, қоғам мен тұлға қарым-қатынасы мәселелері маңызды. Олай болса бізге қазіргі білім берудегі негізгі міндеттерімізді анықтап алуымыз керек. Олар: жеке адамның шығармашылық мүмкіндіктерін арттыру; адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру; ұлттық мәдениеттің озық үлгілерін насихаттау; халқымыздың атадан – балаға жеткен мол рухани құндылықтарын бағалауға, халық дәстүрілерін қастерлеуге тәрбиелеу; отансүйгіштікке баулу; республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысуға; жеке адамның құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыруға бағыттау; бүгінгі қоғам адамдарын керексіз ақпараттарға тәуелділік ықпалынан арылту; олардың өзін-өзі тәрбиелеуіне баса көңіл аудару сияқты мәселелер.
Білім әрқашан да әр кезеңдерде өзінің әлеуметтік маңыздылығын жоғалтқан емес, қайта қоғам өркениеттелген сайын білімнің статусы да жоғарылап, жетілгендік сипатқа ие. Ал осындай жағдайда жаңа технологиялық жетістіктерге жету барысында, біз жаңа адамды, болашақ қоғам адамын рухани, интеллектуалдық жағынан дамыған адамды тәрбиелей алдық па? Яғни, жеке адамдар, дарынды тұлғалар өзінің білімділігіне сай тәрбиеленген бе? Осы сұрақ біздің көкейімізде үнемі тұрғанымен, кей жағдайларда жауапсыз қалады. Сөйтіп тәрбие көбінесе екінші орынға ысырылады да, білімнің негізі тәрбиеде жатқанын ескере бермейміз.
Әлемдегі өркениетті мемлекеттер өзінің даму сатысының бір кезеңін аяқтап, «жаһандық ортақ білім сапасы» деген жаңа бағытқа бет бұрып барады. Бұл күндерде қай елде жүйелі білім берілсе, сол елдің даму қарқыны ерекше болмақшы. Қазіргі кезде біздің Республикамыз да білім берудің жаңа жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Сондықтан да, білім беру парадигмасы өзгеріп, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, басқаша қарым-қатынас, өзгеше менталитет пайда болуда. Жалпы, орналасқан географиялық ортасына, ғасырлар бойы мәдени, экономикалық және саяси даму жағдайына қарай қалыптасқан әр елдің өзіндік сан-алуан білім беру жүйесі бар. Білім – адамдардың белгілі бір жүйедегі ұғымдарының, деректері мен пайымдауларының, тағы басқаларының жиынтығы. Білім – адамзат мәдениетінің ең ауқымды ұғымдарының бірі болып табылады. Ол сана, таным, ойлау, логика, ақиқат, парасат, ғылым және тағы басқа күрделі де терең ұғымдармен тығыз байланыста, әрі солар арқылы анықталады.
Білім философиясының мақсаты – адамның дүниені тануы, қабылдауы, түйсінуі арқылы дүниеге көзқарасын қалыптастыру. Адамның әлемді тануы, яғни, дүниені тану деңгейі бұзылса, онда білімдендіру де дағдарысқа ұшырайды. Білім игеру әрқашан таныммен тікелей диалектикалық байланыста. Таным – қоғамдық-тарихи категория. Ол қоршаған болмыстың, оның элементтерінің белсенді ақыл-ой және көңіл-күй іс-әрекеттері мен олардың нәтижесі, яғни білім, жалпыланған теория, заңдар мен ғылыми ұғымдардың санада бейнеленуі. Философияда таным – адамның бейнелеу әрекетінің ерекше түрі.
Бүгінгі таңда қоғамдық ғылымдар қатарына әлеуметтік – гуманитарлық ғылым мәртебесін иемдене отырып қосылуға ұмтылып жүрген ғылыми білімнің бірнеше жаңа салалары мен түрлері бар. Осыған орай қазіргі заманғы әлеуметтік – гуманитарлық білім берудің жаңадан пайда болуы мүмкін болатын модельдерін теориялық-әдістемелік, философиялық тұрғыдан саралаудың қажеттілігі де туындауда. Мұндай ғылыми негізделген ұстаным болмаған жағдайда қоғамның, немесе, мемлекеттің бюрократиялық күштерінің уақытша саяси мүдделеріне негізделген кездейсоқ, немесе, субъективті ұстаным үстемдікке ие болып кетуі мүмкін. Қазіргі уақытта жоғарғы білім беру саласында үстемдік етіп отырған әлеуметтік – гуманитарлық білімнің мәні мен мазмұнын да айқындай түсу қажет деп ойлаймыз, ал қазіргі мазмұнды айтарлықтай тиімді деуге келмейді. Өйткені, ол ұлттың интеллектуалдық әлеуетінің иесі бола алатын, ұлттық санасы мен отаншылдық сезімі қалыптасқан зиялы маманды даярлаудың міндеттеріне толықтай сай келе бермейді.
Жоғарғы мектептің мақсаты нақты маманды даярлаудың шеңберінен әлдеқайда жоғары тұрған зиялы қауымды, қоғамның интеллектуалды элитасын әзірлеу, ол әлеуметтік-гуманитарлық білім мен білім берудің үзікті, фрагментарлы, субъективті және кездейсоқ таңдалып алынған бағдарының негізінде жүзеге асырылмайды. Мәселен, соңғы жылдарда философия мен отандық тарих қана міндетті пәндер қатарына кіргізіліп, ал өзге әлеуметтік-гуманитарлық пәндер білім беру процесінен алынып тасталуы мүмкін болатын, немесе өте аз мөлшерде оқытылатын жаңа мемлекеттік білім беру стандарттары әзірленді. Осылайша, әлеуметтік-гуманитарлық білім берудің концептуалды тұтастығы бұзылып отыр. Ал шын мәнінде рухани дамуды ойласақ «біз тарих, философия, саясаттану, әлеуметтану, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Еліміздің жоғарғы оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қысқарта бермей оларды қайта қалпына келтіруге мемлекет қолдау көрсетуі қажет. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын, саясаттан, құқықтан хабардар, дүниетанымы терең білімді адамдар да ауадай қажет» [6].
Бүгінгі уақытта әлеуметтік-гуманитарлық білімнің құрылымы мен мазмұнын іріктеу принциптері белгілі бір логикалық тұтастық пен концептуалдылықты құрауы тиіс. Оқытылатын пәндік білімдерді іріктеуге деген концептуалды ұстаным әлеуметтік шынайылықтың динамикасына негізделіп, оны өз мәнінде көрсете білетіндей болуы керек. Бұндағы басты мәселе – қазіргі қоғамның даму сипаты мен динамикасын көрсететін білімдерді іріктеп алу. Олар біріншіден, осы дамудың стратегиялық басымдылықтары мен негізгі бағдарлары болып табылады және аталмыш бағдарларды іріктеу – адам мен қоғам, материалдық игіліктер өндірісі, әлеуметтік-рухани өмір және т.б. туралы ғылымдар кешенімен анықталады. Оның барысында басымдыққа дамудың экономикалық, саяси және өзге де заңдары емес, әлеуметтік дамудың заңдары ие болады. Әрине, алдыңғылары да ескерусіз қалмауы қажет және олар әрі дұрыс, әрі орынды пайдаланылуы тиіс; екіншіден, бұл белгілі бір мәдениеттің және тәжірибенің қойнауында туындайтын және дамудың осы моделін анықтайтын дүниетанымдық парадигма; үшіншіден, осы дүниетанымдық парадигмаға белгілі бір адамгершілік мазмұн мен құндылықтар адекватты түрде сай келуі қажет.
Қазақстанның қазіргі кездегі рухани-адамгершілік ахуалы – көптеген мемлекеттерді қамтыған қоғамның барлық салаларына қатысты терең рухани дағдарыстың көрінісінің бір ғана бөлігі. Өйткені қазақ қоғамына тән дәстүрлі бауырластықтың, жақыныңа деген ықыластың, ізгілікке қызмет етудің, билікке, байлыққа, атаққа құмартудан бас тартудың, немесе, адам санасы мен әлеуметтік прогрестің қуаттылығының бұрынғы идеалдары жойылып барады. Сондықтан, Қазақстанның азаматтарын, әсіресе жастарды, рухани-адамгершілікті, елінің патриотты етіп тәрбиелеуге көңіл аударуымыз керек. Әлеуметтік-гуманитарлық білім берудің жалпы ұлттық мүдделер мен ұлттық қауіпсіздік мүдделері тұрғысынан алғандағы басты идеалы – рухани-адамгершілікті тұлға, патриот азамат, білікті маман тәрбиелеу.
Әрбір қоғам халықтың түрлі жіктерін ынтымақтастыратын, олардың құндылықты бағдарларын, моральдық нормаларын, белгілі бір өмір салтын, әлеуметтік белсенділіктерін анықтайтын идеяларды консолидациялаушы жүйені де қажет етеді. Қоғамның әлеуметтік топтары мен жіктерінің мүдделерін көрсететін және қоғамдық қатынастарды ақтауға, немесе, өзгертуге арналған әлеуметтік маңызды және теориялық тұрғыдан рәсімделген осындай идеялар жүйесі идеология деп аталады.
Осы «идеология» туралы нақты ғылыми түсініктерсіз әлеуметтік-гуманитарлық білім беру туралы айту мүмкін емес. Қазіргі заманғы қоғамдық-гуманитарлық білім берудің құрылымы мен мазмұнын іздеу де осы бағытта жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ретте өмір тәжірибесі көрсеткендей, соңғы кездері қалыптасқан идеялар, идеология туралы ілімдерге теріс көзқарастарды жеңе білу және әлеуметтік жіктер мен топтардың перманентті түрде өзгеріп отыратын идеяларының әлеуметтік өмірдің ғылыми заңдылықтарына өз ықпалын тигізбеуі қажеттілігін ескеру керек.
Мұнда тек идеяларға, идеология туралы ілімдерге деген теріс көзқарастарды жеңіп және шынайылықтан ажыратылған ойша құрылымдардан, «ойша ойындардан» бас тартып қана қоймай, қазақ мәдениетінің әлемдік өркениет процесінің контекстіндегі дәстүрлерін ескеретін фундаментальды негіздерді іздестірген де жөн. Елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жалпы ұлттық құндылықтар қазақ қоғамының идеяларын шоғырландырушы іргелі басымдық болып қана қоймайды, ол өз шеңберінде ашық қоғам үшін маңызды құндылықтарды да қалыптастырады. Біздің ойымызша, қазіргі қоғамдық – гуманитарлық білімнің мазмұнына кіріктірілген осындай ортақ идеялардың қатарына: динамикалық дамудағы, әлеуметтік бағдарлы рационалды-мақсаттағы нарықтық экономиканы құруға бағытталған экономикалық басымдықтарды; әлеуметтік әділеттілік принциптерін; адамдардың шығармашылық қабілеттері үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуді; Қазақстанның интеллектуалдық элитасының әлеуметтік қорғалуын; ғылыми мектептер мен бағыттарды сақтаудың негізгі басымдықтарын енгізу қажет.
Әлеуметтік-гуманитарлық білім берудің мазмұнын толықтыруда өз проблемаларын «барша дүние жүзімен» бірлесе шешуді қолдайтын қоғамдық тіршілік иесі ретінде сипатталатын қазақ этносының сипаттамасын көрсететін сюжеттер жүйесі де өзекті бола түсері сөзсіз. Жалпы Қазақстан тарихи-географиялық тұрғыдан алғанда екі «космостық әлемнің» - Шығыс пен Батыстың арасында орналасқан. Осыған орай, біздің халқымыздың тағдырында ауыртпалықты, кей кезде қайғылы да құбылыстар болып тұрғандығына қарамастан, халқымыз ұлт ретіндегі өзіндік нақты тұрақты белгілерін қалыптастырды. Қазақ халқының рухани сипатына ашықтық, толеранттылық, кішіпейілділік, жанқиярлық, мейірімділік, ар-ұждан, кеңпейілділік және т.б.қасиеттер тән. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін негізге ала отырып қалыптасқан бұл идея әлеуметтік-гуманитарлық білім беруді мұнан да іргелі, ұлттық тұрғыдан нақтылы, тартымды етері сөзсіз. Ал бұл өз кезегінде студенттердің ойынан үнемі шықпайтын: «Мен кіммін?», «Менің ұлтым қандай?», «Менің ұлтымның тарихтағы орны қандай?» деген мәселелердің шешімін табуына көмек берері анық.
Әлеуметтік – гуманитарлық білімнің мазмұны мен құрылымын жаңартуға қазіргі әлемнің жаһандануы туралы идеялардың қамтылуы да жағдай жасауы мүмкін. Бұл ретте жаһандануды территориялық принциптің әлеуметтік және мәдени өмірді ұйымдастырушы принцип ретінде бірте-бірте жойылатын, экономикалық, саяси, ақпараттық және мәдени универсалиялардан көрінетін көп қырлы процесс ретінде ұғынған жөн. Мұндай жағдайда локальдық, әлеуметтік-мәдени өзіндік ерекшелік пен әлемдік біртұтастықтың диалектикасын саралау туралы айтқан жөн.
Қарастырылатын мәселелер контекстінде белгілі бір оң рольді қазіргі әлеуметтік-гуманитарлық пәндердің құрамына жаңа дүниетанымдық бағдарлардың енгізілуі де атқаруы мүмкін. Бұлардың қатарына: Батыс Европалық өркениетке тән болатын табиғатқа күштеп ықпал ету үрдісінен бас тартып, Шығыс мәдениетіне, оның ішінде Мұсылмандық Шығысқа тән адам мен табиғаттың гармониялық үйлесімділігі, оған құрметпен қарауға бет бұруды жатқызуға болады. Адам мен табиғаттың арасындағы гармониялық үйлесімділік туралы, адам мен өзге әлем арасындағы мұндай консенсусты іздеу, адамдар мен халықтар арасындағы толеранттылықты және өзара түсінушілікті қалыптастыру, қауымдастықтар ішіндегі азаматтық бейбітшілікке, конфессия аралық және ұлтаралық келісімге қол жеткізу секілді түсініктер қазіргі мәдениетте орнығып, болашақтағы өркениетті дамудың жетекші аксиологиялық негізіне айналуы да мүмкін.
Осы айтылғандардың барлығы да ұзақ жылдар бойына идеологиялық қыспақтан шыға алмаған әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың құрылымы мен мазмұнын өзгертуді қажет етеді. Бұл айтылған мәселелер тек теориялық мазмұнға ие болып қана қоймай, білім берудің ең өзекті мәселелеріне келіп тіреледі. Бізге әлеуметтік шынайылықты ғылыми талдау негізінде ғана мүмкін болатын серпіліс пен жаңаша ойлай алатын адамдарды, кең тұрғыдағы интеллектуалдық дүниетанымы бар мамандарды даярлау қажет. Мұның негізінде әлеуметтік-гуманитарлық білім берудің әлеуметтік-кәсіби қызметінің маңызының артуы мәселесі келіп туындайды. Бұндай түсінік, ұлттық мәдениеттің ұдайы дамуы мен жаңаруының берік негізі білім арқылы, оның ішінде әлеуметтік-гуманитарлық біліммен келеді. Әлеуметтік-гуманитарлық білімдер өмір сүрудің мәні мен мазмұнын, ұлттық өркениеттің тарихи тағдырын, болмысын айқындайтын білім жүйелерінің адами жағы.
«Тәрбие негізі – ғылым, даналық негізі – білім», - дейді халық даналығы. Ал сол ғылымды меңгеру, даналық ойға ие болу біліммен, оқумен, оқығанды көңілге тоқумен байланысты деп қазақ халқы дұрыс түсінген. Көрген-білгенді ой елегінен өткізіп, оны түйіндеп миға тоқу, үнемі сарапқа салу ынта-жігерді, күшті, қажыр-қайрат пен талапты, ақылды керек етеді. Ақыл-ой тәрбиесі, көріп-білу, жүрекпен терең сезіну, біртіндеп толыға, молыға қалыптасатын тәжірибеден туатын үздіксіз жаттығудың жемісі екенін де ескеріп отырған. Мәселен, Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» еңбегінің алғашқы жолдарынан-ақ жұртты ақылға, білімге, ғылымға үндейді. Оларсыз адамның саналы ғұмыр сүріп, бақытқа жете алмайтындығын да аңғартады [7].
Саналы адам тек өз тағдырына ғана жауапты емес, сонымен қатар ол қоғам өмірінің дамуына да жауапты. Ендеше оған терең білім қажет. Алайда, көне грек ойшылы Гераклит: «Көп білгендік ақылға үйретпейді» [8], - деген. Осыдан келіп, «Білім дегеніміз не?» біз «білім мен ақылдың ара жігін тани аламыз ба?» Осы ойдан шығып қарасақ, біздің бүгінгі күнгі оқу процесінде айтылып жүргеннің бәрі тек ақпарат қана. Сонда «ақылға қалай үйренеміз?». Бірақ адам ақылды ешқашан оқып білмейді. Ол адами тәжірибе арқылы, немесе, басқа жолдармен қалыптасуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі күні – білім мен ақыл бір-бірінен алшақтап бара жатқан тәрізді.
Бүгінгі біздің қоғам үшін білім берудегі аса өзекті мәселе оқушылардың болсын, студенттердің болсын ой-өрісінің жаңа мәдениетін қалыптастыру болып отыр. Бұл Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне кіруінен туындауда. Егер кез-келген халық білім саласында үлкен жетістіктерге жетуді көздесе, онда ең бірінші тәрбиеленушіні сол халықтың менталитетіне, дүниетанымына тән тәрбиелеп барып, біліммен сусындатуы керек. Сонда ғана, тәрбиеленуші жедел өзгеріп тұратын әлем және ақпарат легін, озық елдердің білімдегі жетістігін тез сіңіріп алады. Сондай-ақ, білімді, қабілетті жастарды оқытып шығару үшін оған оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізетін ұстаздардың өзі тәрбиелі, білімді, мәдениетті болуы қажет.
Бұл айтылғандарды жүзеге асырудың бірден-бір жолы оқу орындарындағы, әсіресе жоғарғы білім беретін оқу орындардағы әлеуметтік-гуманитарлық білімдердің ерекше ролін түсінуде жатыр. Өйткені, бүгінгі гуманитарлық білім берудің алдында: қазіргі қоғамның өз бойында жоғарғы кәсіби деңгей мен жоғары адамгершілікті ұштастыра білетін шығармашылық адамдарын қалыптастыруға деген сұранысын қанағаттандыру міндеті тұр. Ол үшін қалыптасқан әлеуметтік-педагогикалық ойлаудың негіздерін түбегейлі өзгеріп қысқа мерзім ішінде «авторитарлық педагогикадан шын мәніндегі зиялылық, құзіреттілік, төзімділік пен қадір-қасиет қалыптастыруға деген атмосфераны тудыруға мүмкіндік беретін әріптестік педагогикасына, өзара диалог формасына өтуді қамтамасыз етуі қажет» [9].
Жалпы қазіргі заманғы гуманитарлық ғылымдарды руханилық мәселесін жоғары көтеруге бағдарлау арқылы адамдарды өзара түсінісуге, толеранттық санаға қарай бет бұрыс жасауымыз керек. Кезінде елімізде қабылданған гуманитарлық білім беру тұжырымдамасының көздегені де осы мақсат. Бұл тұжырымдамада мамандарды гуманитарлық тұрғыдан даярлауға деген нақты талаптар қойылған болатын. Олардың ішіндегі ең негізгілері мыналар:
Қазақстан Республикасының Конституциясына, Білім туралы Заңына, Тілдер туралы Заңына, сондай-ақ адамның әлеуметтік-гуманитарлық салаларын реттейтін өзге де Заңнамаларға негізделген гуманитарлық білім беру;
барлық пәндерді оқыту болашақ маманды даярлауда білім берудің гуманистік бағдарлылығын, шығармашылық әлеуетті қалыптастыруға, ұлттық рухани құндылықтардың басымдылығын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс;
гуманитарлық және әлеуметтік-саяси ғылымдарды оқытудың мемлекеттік білім беру стандарттарының талаптарына сай болуы, білім туралы құжаттардың конвертациялануына қол жеткізу үшін де аса қажет;
гуманитарлық білім беру – тәрбиелей отырып оқыту сипатын қамтуы және онан тыс қызметтердің де барысында білім алушының жеке қасиеттерін ескере отырып дифференциалды түрде жүзеге асырылуы тиіс;
гуманитарлық білім беру алынатын мамандықтың сұраныстарын барынша ескеруі, кәсіби қызмет барысындағы шығармашылық әлеуеттің ашылуына жағдай жасауы, өз білімін жетілдіруге деген қажеттілікті, іскерлік және өзара тұлғалық қарым-қатынас дағдыларын, мәдениеттілікті қалыптастыруды қамтамасыз етуге бағытталуы қажет;
гуманитарлық даярлаудың білім берудің (әлеуметтендірудің) барша уақытының өн бойындағы үздіксіздік сипаты тек қана танымдық (түсіндіру, ұғындыру, интерпретациялау) ғана емес, танымдық емес те (тұлғааралық қарым-қатынас, төзімділік, шешімділік, ден қоюшылық, өзіндік тәртіптілік, жауапкершілік) қатынастарды игеруге жағдай жасап, адамның дүниедегі ықтимал бағдарлылығы мен бейімделуін де қалыптастырады [10].
Жоғарғы білім саласындағы гуманитаризациялау этномәдени білім берумен қатар қоғамдағы болып жатқан өзгерістерді көрсете де, анықтай да білуі, оның дамуының алғышарттарын қалыптастыруы, жастарды нарық қатынастары жағдайларында жұмыс жасауға даярлауы тиіс. Кез-келген ЖОО түлегінің бойында қалыптасуы қажет басты тұлғалық қасиеттер, адамгершілік өлшемдер мен гуманитарлық бағдарлар жиынтығы гуманитарлық білім беру тұжырымдамасында төмендегідей етіп нақтылы тұжырымдалған:
философиялық даярлығы (дүниені түсіну мен дүниені түйсінудің негізінде жатқан бұл даярлық дүниені түсіндіруге деген қабілеттілікті жүзеге асырады, өмірдің мәнін іздеуде құндылықты бағдарларды меңгеруге мүмкіндік береді);
нарықтық экономиканың әлеуметтік бағдарлылығы туралы қазіргі түсініктердің негізінде қалыптасатын экономикалық құзіреттілік;
әлемдік өркениет тарихындағы ең маңызды идеялар мен тұлғаларды білуі, мәдениеттің негізгі кезеңдерін түсіндіре алуы;
әлеуметтік-мәдени даму заңдылықтарын ұғына отырып тарихи хронологияны білуі; қазіргі өркениеттің жолдарын түсіндіре алу қабілеті; қоғам институттарының құрылымдары мен атқаратын қызметтері туралы нақты түсініктерінің болуы; тарих субъектілері, оның ішінде қазіргі заманның әлеуметтік күштері, қазіргі қоғамның әлеуметтік құрылымы туралы кең көлемді ұғынуларының болуы; әлеуметтік даму мәселелері жөнінде еркін бағдарының болуы [11].
Білімді ұрпақ тәрбиелеу тек қағидалармен шектелмейді, оны іске асыратын жағдайлар керек. Болашағынан үміті бар кез-келген дербес мемлекеттің, азат өмір жолындағы халықтың ең киелі міндеті – тарихи-әлеуметтік төл болмысына үндесе алатын, сонымен бірге қоғамдық өмір мен ұлттық сананы шыңдауға қызмет ететін білім жүйесін қалыптастыру болса керек. Сөз жоқ, мұндай білім жүйесі нақтылы мемлекеттің, нақтылы ұлттың төл болмысымен санасуы арқылы ғана жүзеге асады. Бұл жерде білім жүйесінің тұжырымдамасы мен білім берудің технологиясын шатастырмаған жөн. Білім берудің технологиясын жасауда өзгенің жетістігіне еліктеуге болар, ал білім берудің мемлекеттік-ұлттық тұжырымдамасы дегенде сол мемлекеттің, сол ұлттың төл тағдыры негізгі тұғыр болуы керек.
Ендеше, кез-келген халықтың, оның ішінде қазақ халқының да рухани дүниесі біртұтас құбылыс. Оны мазмұнға және түрге бөлуге болмайды. Кез-келген ұлттың рухани мәдениеті өзінің түрімен де, мазмұнымен де айқындалады. Жүсіпбек Аймауытов: «Адам мәселесінің өзегі тәрбие, оқу, білім, мәдениетке келіп тіреледі, ал оның негізі адамгершілік пен руханилықта жатыр» [12] - деп түсіндіреді. Сонымен қатар, ойшыл ғылым-білімсіз алға қозғалудың қиын екенін жете түсініп, мұның өзі қазақ елін ояту үшін ауадай қажет екенін айтқан. «Ғылым, білім, мәдениет аралығында оларға адамдық мән, маңыз беретін, дұрыс бағыт беретін ұлттық тәрбие болуы керек» деп «ұлттық тәрбиенің оқытудың, білім берудің барлық деңгейлерінде ескеріліп отыруына назар аударған». Осыған байланысты біз 1996 жылы даярланып, жарық көрген бірақ белгісіз себептермен жүзеге асырылмаған «Қазақстан Республикасында этномәдени білім беру тұжырымдамасына» қайта оралу қажет және оның ауқымын кеңейтіп «Қазақстан Республикасында этномәдени білім мен тәрбие беру тұжырымдамасы» деп атап, айналымға енгізу қажет деген пікірдеміз. Бұл біздің ұлттық рухани жаңғыру бағдарламамызды жүзеге асыруға да септігін тигізер еді.
Жас ұрпақты өз ұлтының мәдени-рухани қайнарынан сусындату тарихи қажеттілік. Бұны біртұтас білім кеңістігін қалыптастыру мәселесінде де ескергеніміз жөн, яғни, ұлттық білім беру орталықтарындағы білім беру үрдісін шартты түрде бірінші – тәрбие, екінші – білім деп алып қарастыру керек. Сонда ғана, тәрбиенің түпкі нысанасы міндетті түрде кемел білім арнасымен тоғысады. Сондықтан да, жас ұрпақты өз ұлтының мәдени-рухани мұрасын игеруге баулитын, өз елінің тағдырына сергек қарайтын азамат етіп тәрбиелейтін білім жүйесі туралы сөз болуы тиіс. Жас ұрпаққа білім беру барысында, бір жағынан, бүгінгі өркениетті өмірде болып жатқан өзгерістерді ескеріп отыруға, екінші жағынан өз елінің этномәдени, тарихи, әлеуметтік-экономикалық ахуалын терең танытуға айрықша көңіл бөлу қажет. Ал бұлар әлеуметтік-гуманитарлық білімдерсіз мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, жоғарыда айтып кеткеніміздей, соңғы жылдарда жастарды адамгершілікті-рухани жолға бағыттайтын құқықтық, мәдени-танымдық, қоғамдық-экономикалық, саяси-әлеуметтік пәндердің сағат санының қысқартылуын, тіпті бірқатарының элективті курс деңгейіне түсірілуін құптау қиын.
Еліміздің ертеңі қазіргі өскелең ұрпаққа байланысты екені баршаға аян. Тәрбиенің мақсатын қоғамның талаптары мен қажеттіліктері айқындайды. Ал қазіргі қоғамның талабы – тәуелсіздіктің басты құндылық екенін түсінетін, ұлтқа қызмет ететін, ұлтжанды, отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеу. Тәрбиенің бір парасы жас ұрпақтың өзіне дейінгі, өз салаларында ерен еңбек етіп, ұлтының даңқын шығарып, елінің абройын асырғандарды үлгілеу арқылы да беріледі. Ендеше, жаңа дәуірде Қазақстан ғылымына, біліміне, өнеріне, медицина мен басқа да салаларда ерен еңбек еткендердің жемісті еңбектерінің де тәлім-тағылымдық мәні зор.
Бүкіл әлем елдері мен осы сала мамандары арасында білім берудің өте маңызды, күрделі, әрі өте жауапты іс екендігі пікір сан-алуандығын тудырмайды. Қазіргі жаһандану заманында төрдегі орын да білімді елдердікі. Нағыз білім – белгілі бір этностың, сол этнос ұйытқысы болып отырған мемлекеттің тарихи-рухани даму болмысына сай келетін, қоғамдық өмір мен ұлттық сананы шыңдауға қызмет ететін ұрпақ бойына парасаттылықты, ғылымды және көркемдікті дарытатын білімдер жүйесі, яғни, рухани негіздегі білім.
Қазақ халқы «оқу – инемен құдық қазғандай» деп шын мәніндегі білімнің соншалықты қиын, әрі абыройлы іс екенін ескертіп кеткен. Сондықтан, білім беруде білім мен ұлттық тәрбие арасындағы сабақтастықты ескере отырып, оны бүгінгі заман талабына сай орынды қолдануымыз шарт. Еліміздің Тәуелсіздігін нығайтатын, болашақта оны бүкіл әлемге танытатын – тәрбиелі, білімді ұрпақ. Ендеше, болашақ жастарымыздың терең біліммен қатар, тәрбиеден де рухани қуат алып, азамат болып қалыптасатынын да естен шығармағанымыз абзал. Осы істі игілікті жүзеге асыруда әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың орны ерекше.
Қазақстан үшін білім саясаты болашаққа арналған саясат деп түсіну керек. Білімді қамқорлау, кәсіби маман даярлау, басты міндеттердің бірі. Дегенмен, бүгінгі білім – ұлтымызды ұлт ететін маңызды сала екенін де ұмытпағанымыз абзал.
Қазір жаһандану дәуірінде интеграциялық процестердің қарқынды дамып отырғандығының куәсі болып отырмыз. Сондықтан ұлттық білім саласы әлемдік білім кеңістігіне кірігусіз дербес дами алмайды. Жаңа ғасырдың шынайы кілті саналатын сол жаһандану білім саласына мықтап енді. Соның арқасында әлемдік экономиканың интеграциялануы, жаңа ақпараттық технологиялардың пайда болуы кең қанат жайды. Алайда жаһандану тұсында аз этностар мен тәуелсіз даму жолына түскен елдерге оның кейбір келеңсіз әсерлері де болуы мүмкін. Соның бірі және бастысы әлеуметтік-рухани сала. Осыны ескере отырып әлемнің көптеген мемлекеттері ұлттық болмыстары мен ерекшеліктерін сақтау бағытында қорғанысқа көшкен. Ал қорған болар жалғыз-ақ нәрсе бар ол – ұлттық білім мен тәрбие. Ендеше, болашақта мемлекеттік білім мен тәрбие беру жүйемізде бұл ескерілуі керек.
Білім мен тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөліп, оның даму тенденцияларына әлеуметтік-философиялық талдау жасау, нәтижелерінен қорытынды шығару, барды бағалау, жоқты болдыру, іздегенді табу заман талабы. Ендеше, заман талабына лайық жас ұрпақ оқуы мен тәрбиесі үлкен жауапкершілікті мемлекеттік іс. Ұлт болашағын, ел тәуелсіздігін ойлау, оны басқа мәселелерден жоғары қою - парасаттылық белгісі.
Тайжанов А.Т. - https://orcid.org/0009-0004-1460-2587
Әдебиеттер тізімі:
Қазақстан Ұлттық энциклопедия. Т. 2. Алматы: Қазақ энциклопедиясы;1999. http://elib.wku.edu.kz/en/lib/document/KNIGI/504C36DB-1814-4BCD-B73E-76B5C76453F8/
Бөкейханов Ә. Шығармалары. Алматы: Қазақстан; 1994. https://aqiqat.kazgazeta.kz/news/7395
Байтұрсынұлы А. Оқу жайлы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Мақалалар. Алматы: Арыс; 2013. https://e-lib.dulaty.kz/lib/document/TARGU/
Тарих. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. 10 томдық. Әлемдік тарихи ой. Т. 2. Астана: Елорда; 2006. https://adebiportal.kz/kz/books/view/tarix-adamzat-aqyl-oiynyn-qazynasy
Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т. 2. Алматы: Жазушы; 2005. https://kazneb.kz/kk/bookView/view?brId=1569114
Қазіргі әлемдегі философия: даму стратегиялары. 1-ші Қазақстандық философиялық Конгресс материалдары. Алматы: ҚазҰУ; 2013. https://korkyt.edu.kz/departments/4
Баласағұн Ж. Құтты білік. Алматы: Жазушы;1986. https://adebiportal.kz/upload/iblock/df6/df699bdb7123d2b9e0a6b79e3c01ad67.pdf
Мусский ИА. Сто великих мыслителей. Москва, 2000. https://prussia.online/ books/100-velikih-misliteley
Тайжанов А. Развитие духовного потенциала студенческой молодежи: материалы Международного симпозиума «Воспитание современной молодежи: социальное сотрудничество». Ақтөбе, 2011.
Қазақстан Республикасындағы гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы. Алматы: ҚР БҒМ; 1994. https://primeminister.kz/news/astanada-ruhani-zhangiru-zhana-gumanitarlik-bilim
Қазақстан Республикасындағы гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы. Алматы: ҚР БҒМ; 1994. https://primeminister.kz/news/astanada-ruhani-zhangiru-zhana-gumanitarlik-bilim
Аймауытов Ж. Шығармалары. Алматы: Жазушы; 1989. https://esimderpushkinlibrary.kz/en/figures-alash/1619-.html
Қосымша файлдар