Есимова Г.К., Какетаева И.З., Правин Н.Н., Туримбетова Б.С.
Есимова Г.К., Какетаева И.З., Правин Н.Н., Туримбетова Б.С.. Бірқатар метереологиялық факторлардың адам денсаулығына кері әсерлері: медициналық бағалау. Ǵylym aliansy. 2025;2(2):63-68
Аннотация. Метеорологиялық фактордың өзгеруі магниттік толқындардың таралуына әкеледі. Арнайы синоптиктердің зерттеулері бойынша төменгі қабатта ұсақ қатты бөлшектер – магниттік шаң бөлшектері бар. Зерттелетін электромагниттік толқындар ағзаның ішкі ортасында қайтымсыз патологиялық өзгерістерді тудыруы мүмкін. Соңғы жылдардағы атмосфералық қабаттағы өзгерістер ауа температурасын қалыптан тыс өзгертті, ауа қысымы мен тығыздығының жиі ауытқуы, интернет толқындарының (бұл толқындар әдетте ауа қабаттарында жойылуы керек) көбеюіне әкелді. Ауадағы магниттік толқындардың ауытқуы адам денсаулығына кері әсерін тигізеді.
Негізгі сөздер: метереологиялық фактор, мониторинг, атмосфера, азон, газ, синоптик, бу, канцероген, магнит
Магниттік толқындардың пайдалану ұзақтығы артқан сайын ішкі ағзаларға тигізетін зияндары да арта түседі. Магниттік сәулелерді көзбен көру мүмкін емес, елестету де қиын, сондықтан қарапайым адам одан қорғанбайды десек те болады. Электромагниттік ластанудың көлемі жер бетінде едәуір. Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымы магниттік толқындардың өрісін өзекті мәселе деп қарастырып отыр. Мақаладағы негізгі мақсат электромагниттік толқындардың организмге қаншалықты зиянын тигізетінін көрсету, электр бөлшектерінің жиілеуі магниттік аймақтар диапазонын үнемі өзгертіп отырады. Адам ағзасына үздіксіз толқындар әсер еткенде жоғарғы тітіркенгіштік пайда болып, адамның көңіл күйі құбылмалы болып келеді [1]. Тітіркену салдарынан ұйқы бұзылып, әлсіреп, бас айналып, тәбет жойылып, түрлі деңгейде депрессиялар қалыптасады [2].
Адам денсаулығы көптеген сыртқы факторлардың әсеріне ұшырайды, соның ішінде метеорологиялық жағдайлар ерекше орын алады. Соңғы онжылдықта климаттық өзгерістер мен экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілеуі бұл факторлардың маңыздылығын арттырып отыр. Әсіресе, магниттік толқындар мен ауа ылғалдылығы адамның физиологиялық процестеріне терең әсер етіп, түрлі аурулардың өршуіне әкелуі мүмкін [3]. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, геомагниттік белсенділіктің жоғарылауы жүрек-қан тамырлары жүйесіне, жүйке жүйесіне, сондай-ақ созылмалы аурулары бар науқастардың жалпы жағдайына кері әсер етеді. Сонымен қатар, ауа ылғалдылығының ауытқулары тыныс алу жолдарының, терінің және иммундық жүйенің жағдайын нашарлатады, бұл әсіресе климаттық өзгерістер контекстінде маңызды.
Магниттік өріс – қозғалыстағы электр зарядтары мен магниттік денелер (электр бөлшектерінің тәуелсіз күйі), индукция векторымен сипатталады. Тірі организмдерге электромагниттік толқын үздіксіз әсер етеді. Жердің магниттік өрісі – табиғи электромагниттік өріс деп саналады, планетааралық сарқылмайтын ресурс, бұл толқындардың өріс күштері де әртүрлі, өріс күші ұлғайған сайын адам ағзасына да зияны тиеді. Егер бұл сәулелер тірі организімге артық мөлшерде әсер етсе, яғни 500-600 ГГц шегінен аспы кеткенде радиожиліктегі қондырғылар шығаратын электромагниттік құбылыстар қан тамырларының кеңеюіне әкеледі, оның нәтижесінде қан қысымы төмендейді, сәуле әсері ұзақ уақыт болған жағдайда адамдар тез шаршайды, ұйқышылдық басып, жиі-жиі бас ауырады, жүрек соғысының баяулауы, шаш түсуі байқалады.
Кез келген электромагниттік толқындар екі түрлі әсер көрсетеді: термиялық және термиялық емес. Термиялық электромагниттік энергия адамға еніп, ішкі ағзаларды жылытатын жылу энергиясына ауысады. Паренхиматозды ағзаларға терең әсер ететіндіктен ми тініне өтеді, салдарынан мидың жекелеген бөлектерінде температура көтеріліп, А типті жасушалар қарқынды өседі. Ұзақ уақыт бойы ұялы телефонмен сөйлескен кезде ішкі құлақтағы нейросенсоэпителиоциттер үздіксіз жоғары қызу әсерінен есту үрдісін нашарлатады.
Термиялық емес әсер төмен жиіліктегі электромагниттік толқындарға негізделген, жүрек ырғағы бұзылып, брадикардия, диастолалық қысым жоғарылап, астения шақырып, еңбек қабілетін төмендетіп, тітіркенгіштікті, жүрек айнуы сияқты вегетоневротикалық симптомдарды шақырады. Ұялы телефоннан шыққан төменгі жиіліктегі сәулелер бас мидың биоэлектрлік белсенділігін төмендетеді, ми тіні жасушаларының қабылдау қабілеті төмендейді, жастар арасында жиі пайдаланатын құлақ қапта нейрондық тізбекті тежеп, ауырлық басып, қабылдау қызметін төмендетіп, жұйке жүйесінің біртұтастық қызметін бұзады.
Метеорологиялық факторлар – температура, ауа қысымы, ылғалдылық, жел және магниттік толқындар адам денсаулығына әртүрлі әсер етеді. Бұл факторлар организмнің физиологиялық жағдайына тікелей ықпал жасап, дененің терморегуляциясы, су-тұз балансы, қан айналымы мен жүйке жүйесінің жұмысын өзгертеді [4].
Жоғары немесе төмен температуралар терморегуляция процесін бұзуы мүмкін, бұл – жүрек-қан тамырлары жүйесіне қосымша жүктеме. Суық ауа райында қан қысымы көтерілуі мүмкін, ал ыстық ауа райында жылу соғуы (тепловой удар) мен дегидратация байқалады. Ыстық ауа райы азот оксидінің синтезі, цитокиндердің түзілуі және жүйелі қабыну сияқты әртүрлі биологиялық факторларға әсер етіп, қан тамырларының тонусы мен құрылымын нашарлатуы мүмкін. Сонымен қатар, дегидратация мен қанның тұтқырлығының жоғарылауы, тромб түзілуіне ықпал етеді, (соңғы жылдары тамыр ішіндегі тромбтардың пайда болуы жиілеп тұр), жылу атеросклерозбен ауыратын науқастарға кері әсер тигізеді. Суық немесе ыстық ауа-райының созылмалы әсерінен жүрек-қан тамырлары қызметі төмендейді, бұл –инфаркт, қатерлі жүрек аритмиялары, тромбоэмболиялық аурулар және шок сияқты аурулармен қауіпті. Қоршаған орта температурасының өзгеруі қан қысымын, қанның тұтқырлығын және жүрек соғу жиілігін арттыру арқылы жүрек-қан тамырлары өліміне ықпал ететіні көрсетілген. Жылу толқындарынан болатын өлім-жітімдердің көпшілігі, әсіресе, бұрыннан созылмалы жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға әсер етеді. Бұл популяцияның денсаулық индексін нашарлатуы мүмкін, өйткені қоршаған ортаның экстремалды температурасы көптеген жүрек-қан тамырлары препараттарының фармакокинетикалық параметрлеріне әсер етеді. Жасуша деңгейінде қоршаған ортаның жоғары температуралары ATP және O2 сақтауын шектейді, бос радикалдар мен токсиканттарды көбейтеді және нейрондық апоптотикалық сигналды тудыруы мүмкін, мұның бәрі инсультке әкелуі мүмкін. Төтенше климаттық өзгерістер жағдайында жүрек-қан тамырлары функциясын сақтау әсіресе қиынға соғады [5,6].
Атмосфералық қысымның төмендеуі кейде метеорологиялық гипотензия (қан қысымының төмендеуі) және түрлі неврологиялық белгілерге, соның ішінде бас ауруы мен шаршауға әкелуі мүмкін. Биіктікте тұратын немесе ұзақ уақыт тұрған жүкті әйелдердің нәрестелерінің салмағы қалыпты жағдайдан төмен болып туылады [7].
Ылғалдың артуы терлеудің тиімділігін төмендетіп, ағзаның ыстыққа бейімделу қабілетін азайтады. Сонымен қатар, жоғары ылғалдылық тыныс алу жолдарының инфекцияларына және аллергиялық реакцияларға себеп болуы мүмкін. Ал төмен ылғалдылық тыныс алу жолдарын құрғатып, бронхит пен басқа да созылмалы аурулардың асқынуына ықпал етеді [8].
Магниттік дауылдар жердің магниттік өрісінің ауытқуына әкеліп, адам ағзасында электромагниттік өрістердің әсерін күшейтеді. Бұл жүрек-қан тамырлары аурулары мен жүйке жүйесіне теріс әсер етеді. Сонымен қатар, геомагниттік белсенділік жоғары болған кезде адамның эмоциялық және физикалық жағдайы нашарлауы мүмкін.
Магниттік толқындар немесе геомагниттік дауылдар кезінде адам ағзасы үлкен физикалық және психологиялық жүктемеге ұшырайды. Бұл – жағдай әсіресе егде жастағы адамдар мен жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын науқастар үшін қауіпті.
Магниттік дауылдар кезінде жүрек қызметінде де өзгерістер туындауы мүмкін, оған: қан қысымы өзгерістері, пульс ауытқулары, систола мен диастола ритмдерінің қызметіндегі ауытқулар кіреді. Геомагниттік белсенділік гипертонияны қоздырып немесе аритмияны тудыратыны туралы көптеген зерттеулер бар. Бұған қоса, инсульт пен инфаркт қаупі де артуы мүмкін. Геомагниттік дауылдар өткен күндері жедел коронарлық синдроммен ауыратын науқастарда тәуекел деңгейі жоғарылайтыны анықталған. Қабылдау кезінде қарыншалық фибрилляция қаупі 0–3 күндік кідіріспен ағынның өзара әрекеттесу аймағымен байланысты болды. Созылмалы атриальды фибрилляциясы бар науқастарда жедел коронарлық синдром қаупі жылдам күн желі мен күн протонының оқиғаларымен байланысты екені анықталған [9]. Гипергликемия жүрек-қан тамырлары айнымалыларына теріс әсер етеді, ал геомагниттік белсенділіктің жоғарылауы бұл әсерді күшейтуі мүмкін. Геомагниттік дауылдар кезінде әсіресе жүрек-қан тамырлар жүйесінде ауытқулары бар науқастар теріс ықпалдардан қорғану шараларын жүргізулері шарт [10].
Литвадағы Каунус медициналық университетінде жүргізілген зерттеулер күннің геомагниттік белсенділігі адамның жүрек-қан тамырлары жүйесіне әсер етіп, өткір коронарлық синдромы (ӨКС) бар пациенттердің өміршеңдігіне ықпал ететінін көрсетті, 1413 пациенттің деректерін талдау нәтижесінде белсенді геомагниттік дауыл ауруханаға түскеннен кейінгі 2 күнде жүрек-қан тамырлары өлімінің тәуекелін 58%-ға арттыратыны анықталды. Әйелдерде геомагниттік дауыл ауруханаға түскеннен кейін бір күн ішінде жүрек соғу жылдамдығын (ЖСЖ) 3,91 есе арттырды, ал 70 жастан асқан науқастарда ЖСЖ 2,5 есе жоғарылағаны байқалды. Бұл нәтижелер гелиофизикалық жағдайлардың тәуекел деңгейін бағалау кезінде, әсіресе әйелдер мен қарттар үшін маңызды екенін көрсетеді [11]. Геомагниттік өрістердің (ГМӨ) жүрек-қан тамырлары ауруларына (ЖҚА) әсері ерекше маңызға ие. Жалпы ГМӨ қарқындылығы мен ЖҚА арасында оң корреляция байқалды. Бұл әсіресе қиылысты және панельді деректерді талдау кезінде анық көрінді. Зерттеу барысында уақыттық және әлеуметтік-экономикалық факторлар, мысалы, ұлттық табыс деңгейі ескерілді. Бұл зерттеу Жердің ішкі магниттік алаңының қарқындылығы мен ЖҚА арасындағы байланысты алғаш рет зерттеп отыр. Бұрынғы зерттеулерде негізінен магниттік алаңның бұзылуын сипаттайтын Kp немесе Ap индексі қолданылған болатын. Сонымен қатар, бұл зерттеу горизонтальды ГМӨ мен ЖҚА арасындағы кері корреляцияны анықтады. Бұл геомагниттік алаңның зарядталған бөлшектерге әсері мен олардың денсаулыққа ықпалының күрделі табиғатын көрсетеді [12]. Магниттік дауылдар кезінде бас ауруы, ұйқының бұзылуы, шаршау және депрессия сияқты симптомдар жиі байқалады. Бұл геомагниттік толқындардың адамның жүйке жүйесіне әсер етіп, оның функцияларын бұзуы мүмкіндігімен түсіндіріледі. Кейбір бақылау топтарында жасы, жынысы және диагностикалық ерекшеліктері ескерілген зерттеулер көрсеткендей, күн белсенділігі төмен кезеңдермен салыстырғанда, күшті күн дауылдары кезеңінде өлім-жітімнің тәуліктік саны мен күн және геомагниттік белсенділіктің барлық индекстері арасында айтарлықтай байланыс бар екені анықталған [13].
Магниттік дауылдарға сезімтал топтарға егде жастағы адамдар, жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастар, сондай-ақ жүйке жүйесі бұзылған адамдар жатады. Бұл топтарға арналған климаттық тәуекел карталары магниттік белсенділік деңгейін бақылап, олардың денсаулығын қорғауға көмектеседі [14].
Ауа ылғалдылығының деңгейі адамның денсаулығына айтарлықтай әсер етеді. Ылғалдылықтың ауытқуы тыныс алу жолдары мен жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысына теріс ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар, ылғалдылық температура және ультракүлгін сәулелену сияқты басқа климаттық факторлармен бірге теріге де маңызды әсер етеді.
Зерттеулер көрсеткендей, сыртқы ылғалдылық терінің қасаң қабатындағы су құрамына әсер етеді. Мысалы, ішкі ылғалдылықтың төмен болуы экземаның дамуына ықпал етсе, сыртқы жоғары ылғалдылық бұл аурудың симптомдарын күшейтуі мүмкін. Сонымен қатар, жоғары ылғалдылық терінің тосқауылдық функциясын жақсартып, қасаң қабаттағы су құрамын арттырады. Жануарларға жүргізілген зерттеулер төмен ылғалдылық терінің қабыршақтану процесін бұзатынын анықтады, ал адамдарда ол трансэпидермальды су жоғалтуды төмендетуге және тері серпімділігінің нашарлауына ықпал етеді. Дегенмен, зерттеу нәтижелері әркелкі, және ылғалдылықтың басқа факторлармен өзара әрекеттесуін тереңірек зерттеу қажет. Бұл деректер тері аурулары, әсіресе экзема, үшін тиімді емдеу әдістерін әзірлеуге негіз бола алады [15]. Ауа ылғалдылығының адам денсаулығына әсері эпигенетикалық және физиологиялық механизмдер арқылы жүзеге асады. Бұл механизмдерді ДНҚ метильдеу маркерлері арқылы бақылауға болады. Ылғалдылық пен басқа климаттық факторлар иммундық жүйеге әсер етіп, жасушалық деңгейде қабыну реакцияларын тудыруы мүмкін [16]. Мысалы, бөлме ылғалдылығының төмендігі терінің құрғауына, тыныс алу жолдарының зақымдалуына және қабыну процестерінің күшеюіне алып келеді. Мұндай өзгерістер ДНҚ метильдеу деректерінде көрініс табуы мүмкін, себебі метилдеу маркерлері организмнің сыртқы факторларға, мысалы, ауа ластануы, температура және ылғалдылыққа реакциясын көрсетеді.
Зерттеулердің нәтижесі мұндай өзгерістерді эпидемиологиялық және генетикалық зерттеулерде, соның ішінде ДНҚ метильдеу маркерлерін қолдану арқылы анықтауға болатынын көрсетеді. Ауа ылғалдылығының деңгейі организмнің иммундық жауабына әсер ете отырып, басқа климаттық факторлардың әсерін күшейтуі немесе әлсіретуі мүмкін [17].
Төмен ылғалдылық тыныс алу жолдарының құрғауына және шырышты қабықтардың зақымдалуына алып келеді. Бұл жағдай созылмалы бронхит пен басқа да тыныс алу ауруларын асқындырады.
Жоғары ылғалдылық кезінде ауадағы зең саңырауқұлақтарының саны артып, аллергиялық реакциялардың өршуіне себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, жүрек-қан тамырлары ауруларының асқыну қаупі артады.
Климаттық өзгерістер, соның ішінде жаһандық жылыну, метеорологиялық факторлардың адамдардың денсаулығына әсерін күшейтеді. Экстремалды ауа райы жағдайлары мен климаттық ауытқулар аурушаңдықтың өсуіне себеп болуы мүмкін. Мысалы, ыстық толқындар мен ауа ылғалдылығының жоғарылауы жүрек-қан тамырлары ауруларының көбеюіне, ал суық толқындар қант диабеті мен тыныс алу жүйесі ауруларының асқынуына әкелуі ықтимал.
Жаһандық температураның көтерілуі, аптап ыстық толқындары және су тапшылығы сияқты экстремалды ауа райы оқиғалары жеке адамдар мен қауымдастықтарға қосымша стресс факторларын тудырады. Бұл адамдардың психикалық денсаулығына зиян тигізіп, әсіресе елдер ішінде және елдер арасында қолайсыз жағдайдағы топтарға ауыр әсер етеді [18,19]. Сонымен қатар, климаттық қауіптердің күшеюі мен климаттық әрекетсіздік туралы көптеген адамдарда психологиялық күйзеліс туғызуы мүмкін. Алайда, мұндай эмоционалды реакциялар кейбір жағдайларда климаттық әрекеттерге түрткі болуы мүмкін [20,21].
Климаттың өзгеруі әсіресе жүкті әйелдерге теріс әсер етеді, өйткені экстремалды ауа райы өзгерістері олардың денсаулығына ерекше қауіп төндіреді [22]. Климат ең алдымен жұқпалы аурулардың таралуына әсер етеді. Ауа-райы індеттердің уақыты мен қарқындылығын өзгерте алады. Климаттың өзгеруі сценарийлері жылынумен бірге жұқпалы аурулардың таралу динамикасына ықпал етеді және экстремалды ауа райымен байланысты ауру ошақтарын өзгертеді. Мысалы, масалар арқылы таралатын паразиттік және вирустық аурулар климатқа ең сезімтал аурулардың қатарына жатады. Климаттың өзгеруі бұл аурулардың таралу аймағын кеңейтуге және қоздырғыштың инкубациялық кезеңін қысқартуға ықпал етеді [23].
Бұл ғылыми деректер мен талдаулар климаттық және метеорологиялық факторлардың адам денсаулығына әсерін жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, олар климаттық өзгерістермен байланысты денсаулық қауіптерін азайтуға бағытталған шараларды әзірлеу қажеттігін көрсетеді.
Аурушаңдықты төмендету бойынша ұсыныстар:
Практикалық ұсыныстар:
Геомагниттік белсенділік пен ауа ылғалдылығы деңгейлері туралы халықты дер кезінде ақпараттандыру маңызды. Сонымен қатар, халыққа бейімделу әдістерін үйретіп, арнайы медициналық кеңестер мен алдын алу шараларын ұсыну қажет.
Климаттық өзгерістер мен метеорологиялық факторлардың денсаулыққа әсерін ескере отырып, медициналық мекемелердің дайындығын (созылмалы аурулары бар және диспансерлік тізімде тұрған науқастарға алдын-ала қорғану шараларын ұстануды ескерту) арттыру қажет. Ерекше жағдайларда науқастарға көмек көрсету үшін ресурстар мен инфрақұрылымды жетілдіру маңызды. Бұл төтенше жағдайларда тиімді әрекет етуді қамтамасыз етеді.
Қорытынды
Ғылым мен техника дамыған кезеңде электромагниттік толқындардың өрістері арта түседі, сондықтан олардың организмге тигізетін жанама әсерлерін төмендету және қорғану жолдарын білуіміз қажет.
Ғылыми зерттеулер атмосфераның сапасын жақсарту электр бөлшектерінен туындайтын магниттік тозаңдарды азайту барысында көпсалалы тәсілдің маңыздылығын атап өтіп, ауаның ластануынан туындайтын денсаулыққа зиянды факторларды азайту үшін жан-жақты шаралар (үлкен қалаларда ауаны тазартатын және ылғандандыратын қондырғылар орнату, созылмалы аурулары бар науқастарға берілетін тегін дәрілерлің көлемін арттыру, аулаларды жасыл желекпен, соның ішінде антоцидтерді көп бөлетін қарағай тұқымды ағаштарды көптеп отырғызу) әзірлеудің қажеттілігін баса айтамыз.
Есимова Г.К. - https://orcid.org 0000-0002-9655-1039
Какетаева И.З. - https://orcid.org 0000-0003-3444-4657
Правин Н.Н. - https://orcid.org 0000-0003-0983-0243
Туримбетова Б.С. - https://orcid.org 0000-0003-1924-5000
Қосымша файлдар