Балмагамбетова А.Д., Неткалиева А.Р.
Балмагамбетова А.Д., Неткалиева А.Р.. Клиникалық және патологоанатомиялық диагноздардың сәйкессіздігі: 2023 жылғы аутопсияларды ретроспективті зерттеу. Ǵylym aliansy. 2025;2(1):13-19
Өзектілігі. Аурулардың дұрыс диагностикасы нәтижелі емдеу мен медициналық көмек нәтижелерін жақсартуда маңызды рөл атқарады. Мақсаты – клиникалық және патологоанатомиялық диагноздар сәйкестігін бағалау, ықтимал сәйкессіздіктер себептерін анықтау және диагностика мен медициналық қызметтер сапасын жақсарту.
Зерттеу әдістері. Ретроспективті, бірмезетті көлденең зерттеу. Жаппай іріктеме. Зерттеу материалы. Жүргізілген аутопсиялар бойынша медициналық карталар. 2023 жыл бойынша клиникалық зерттеу сатысында қойылған және патологоанатомиялық зерттеу нәтижесімен анықталған диагноздарға талдау жүргізілді. Алынған деректердің статистикалық талдауы салыстырмалы талдау (t-тест, ANOVA, х2 тест), сипаттамалық статистика әдісімен жүргізілді.
Нәтижелері. Біздің зерттеу барысында 2023 жылда жалпы 555 аутопсия, оның ішінде 355 ересек, 200-і балалар. Осы 555 аутопсияның 46-да (8,3%) жағдайында 25 ересек пен 21 балалар диагноздарынің сәйкессіздігі анықталған. Ересек диагноздарының сәйкессіздігі бойынша талдау барысында 25 сәйкессіздік: негізгі диагнозда – 13 жағдай (52%), диагноз конструкциясында – 9 (36%), асқынуларда – 1 (4%), фондық ауруларда – 1(4%), бәсекелес диагнозда – 1 (4%) анықталды. 200 балалар аутопсиялар арасында 21 сәйкессіздік: негізгі диагнозда - 10(47%), диагноз конструкциясында - 3 (14%), асқынуларда - 5 (23%), бәсекелес диагнозда - 3 (14%) жағдай анықталды.
Қорытынды. Жинақталған деректерден айқындалғаны – бұл сәйкессіздіктердің жиі кездесетін себептері негізгі диагнозды анықтаудағы қателіктер болып келетіні. Бұл медициналық персоналдың біліктілігін арттыру маңыздылығын көрсетеді және неғұрлым егжей-тегжейлі диагностика хаттамаларын пайдалану қажеттілігі.
Кіріспе
Диагноз дегеніміз – бұл науқас денсаулығының патологиялық жағдайы, онымен бірге бар аурулары, жарақаты мен өлім себебін сипаттайтын дәрігердің қысқа қорытындысы. Ол қолданыстағы стандарттарға сәйкес рәсімделеді және аурулардың өзекті жіктемелері мен номенклатурасында қарастырылған терминологияны қолдана отырып тұжырымдалады. Диагноз медициналық қызметтердің сапасын басқарудың негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады [1,2,3,4]. Халықтың сырқаттанушылығы мен өлім себептері туралы, сондай-ақ медициналық мекемелер жұмысының сапасы туралы денсаулық сақтау органдарының деректері қаншалықты дәл екендігі стандарттауға және диагноздарды қалыптастыру мен кодтау қағидаларын қатаң сақтауға және өлім туралы медициналық куәліктерді рәсімдеу талаптарын орындауға байланысты. Диагноз – бұл дәрігер жұмысының нәтижесі ғана емес, ол оның кәсіби деңгейінің индикаторы. Ол медициналық маманның біліктілігін құжаттамалық растауы болып табылады. Диагнозды талдау негізінде медициналық көмектің сапасы туралы қорытынды жасалады, заңдық және сақтандыру мәселелері шешіледі, сондай-ақ сырқаттану мен өлім-жітім статистикасы құрылады. Бұл барлық медициналық құжаттамаға қатысты болғанымен, диагноз дәрігердің клиникалық ойлауының интегралдық көрсеткіші ретінде ерекше мәнге ие. Ауруларды диагностикалау заманауи медицинаның маңызды аспектілерінің бірі болып табылады [5,6,7]. Диагнозды дұрыс қою пациентті тиімді емдеп қана қоймай, ғылыми зерттеулер жүргізуге, медициналық көмектің сапасын жақсартуға және ауру туралы білімді шыңдауға мүмкіндік береді. Алайда, тәжірибеде клиникалық және патологоанатомиялық диагноздар арасында сәйкессіздік жиі кездеседі, бұл диагностикалық процес сапасы мен емдеу нәтижелеріне әсер етуі мүмкін [8,9].
Клиникалық және патологоанатомиялық диагноздар ұғымы. Клиникалық диагноз - бұл пациентті тексеруге, оның шағымдарын талдауға, тексеру нәтижелері мен анамнезіне негізделген дәрігердің қорытындысы. Ол ауру туралы болжамды білдіреді және емдеу әдістерін таңдауға негіз болады. Патологоанатомиялық диагноз, өз кезегінде, патологоанатомиялық зерттеу кезінде анықталған тіндер мен ағзалардың морфологиялық өзгерістері негізінде қалыптастырылады. Бұл диагноз мәйітті ашып-қарау немесе биопсия нәтижелеріне негізделген науқастың жағдайын объективті бағалауды білдіреді [10,11,12,13].
Диагноздардың сәйкес келмеу себептері:
Клиникалық және патологоанатомиялық диагноздар арасындағы сәйкессіздік елеулі салдарға әкелуі мүмкін:
Клиникалық және патологоанатомиялық диагноздардың сәйкессіздігі - бұл медициналық қызметкерлердің кәсіби дағдыларын арттырудан бастап емдеу процесіне жаңа технологияларды енгізуге дейін әртүрлі деңгейде шешу қажет көп қырлы мәселе. Нақты диагностика - бұл тиімді емдеудің негізі екенін және оны жақсарту жөніндегі жұмыс үздіксіз болуы тиіс екенін түсіну маңызды [14,15]. Тек осылайша ғана медициналық көмектің сапасы мен пациенттердің денсаулық сақтау жүйесіне сенімділік деңгейін арттыруға болады. Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, клиникалық және патологоанатомиялық диагноздардың сәйкестігін бағалау, айырмашылықтардың ықтимал себептерін анықтау мен диагностика сапасын зерттеу мақсаты қойылды.
Зерттеу материалдары мен әдістері.
Зерттеу түрі: Ретроспективті, бірмезетті көлденең зерттеу. Жаппай іріктеме.
Зерттеу материалдары мен әдістері бөлімінде ретроспективті, бірмезетті көлденең зерттеу әдісі арқылы жиналған ақпараттың маңызды аспектілері қамтылды. Зерттеу нысандары ретінде Атырау облыстық патологоанатомиялық бюросының базасында жүргізілген аутопсиялардың медициналық карталары таңдалып алынды. Зерттеу барысында клиникалық және патологоанатомиялық диагноздардың сәйкестігін анықтау мақсатында ауру тарихы мен қорытындыларын талдау жалғасып, 2023 жылға клиникалық зерттеу кезінде қойылған диагноздар мен патологоанатомиялық (жүргізілген аутопсиялардың сандық және сапалық көрсеткіштері) нәтиже деректеріне назар аударылды.
Медициналық карталарды талдау кезінде науқастардың клиникалық белгілері мен симптомдары, жасы мен жынысы, аутопсия нәтижелері сияқты параметрлер ескеріледі. Зерттеу барысында этикалық нормаларды сақтау маңызды болып табылады, сондықтан науқастардың жеке мәліметтерінің қауіпсіздігі мен аутопсиядан алынған материалдарды пайдалану заңды және этикалық талаптарға сәйкес жүргізілді. Зерттеудің барысында 2023 жылы жүргізілген 555 аутопсияның ішінен 46 сәйкессіздік анықталып, статистикалық өңдеу жасалды.
Статистикалық талдау сипаттамалық статистика әдістерін (сипаттамалық статистика әдістері, соның ішінде орташа мәндер, стандартты ауытқулар және проценттік көрсеткіштер) және салыстырмалы талдау әдістерін (t-тесті, ANOVA және χ² тесті) пайдалана отырып жүзеге асырылды.
Нәтижелер.
Алынған деректерді талдау үшін сипаттамалық статистика әдісі қолданылды. Бұл әдіс іріктеменің негізгі сипаттамаларын көрнекі көрсетуге, үрдістер мен ерекшеліктерді анықтауға, сондай-ақ орташа мәндер, стандартты ауытқулар және әртүрлі санаттар бойынша бөлу сияқты негізгі параметрлерді айқындауға мүмкіндік береді. Сипаттау статистикасы шеңберінде мынадай қадамдар орындалды:
Біздің зерттеуімізде 2023 жылы 555 аутопсия жасалды, олардың 355 ересектер, 200 балалар. Жүргізілген 555 аутопсияның ішінде 46 (8,3%) жағдайда диагноздардың сәйкессіздігі анықталды, оның ішінде ересектердің 25 жағдайы және балаларға 21 жағдай. 355 аутопсиядан ересек халықтың жасы бойынша бөлінуі (1-сурет): 15-24 жас - 1; 25-34 жас - 1; 35-44 жас - 3; -45-54 жас - 3; 55-64 жас - 2; 65-74 жас - 8; 75-84 жас - 5; 85 жас және одан жоғары - 2; мұнда жүргізілген аутопсиялар арасында жағдайлардың ең көп саны 65-74 жас топтарында байқалатынын көрсетті (8 жағдай), демек, бұл топ патологиялық-анатомиялық талдау шеңберінде ерекше назар аударуды талап ете алады. Жыныстық бөлу 10 ер адам мен 15 әйелді құрады.
Сурет 1. Топтардың жасқа байланысты бөлінуі.
Ересектер бойынша диагноздың айырмашылықтары: талдау барысында мынадай санаттар бойынша бөлінген айырмашылықтардың 25 жағдайы анықталды: негізгі ауру бойынша - 13 жағдай (52%), диагноздың құрылымы бойынша - 9 жағдай (36%), асқынулар бойынша - 1 жағдай (4%), фондық аурулар бойынша - 1 жағдай (4%), бәсекелес диагноз бойынша - 1 жағдай (4%) (2-сурет).
Сурет 2. Диагноздардың санаттар бойынша көрсеткіштері.
Балалардың 200 аутопсиясының арасында жасы бойынша бөлу былайша көрінеді: 0-6 тәулік: 7 жағдай; 7-27 тәулік: 11 жағдай; 28 тәулік - 1 жыл: 1 жағдай; 1 жас және одан жоғары: 2 жағдай. Аутопсияның 21 жағдайының 14-і ұлдарға, ал 7-і қыздарға тиесілі, бұл балалар арасындағы өлім-жітімнің белгілі бір үлгілерін көрсетуі мүмкін. Балалар арасындағы аутопсиялардың ең көп саны 7-27 тәулік жас тобында өткізілді, бұл осы кезеңде аурулар мен патологияның жоғары қаупін анықтауы мүмкін.
Балалар саны бойынша диагноздың айырмашылықтары:
Нәтижелерге сүйене отырып, сәйкессіздіктердің себептеріне қосымша талдау жүргізу, сондай-ақ жас және жыныстық топтарға назар аудару ұсынылады, өйткені олар ерекше патологиялар мен диагностикаға сенімділікті көрсете алады.
Аутопсияны жүргізу ауруларды түсінуді жақсартуға және медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік беретін патологиялық-анатомиялық практикадағы маңызды әдіс болып қала береді.
Жиналған деректерден айырмашылықтардың ең жиі себептері негізгі ауруды анықтаудағы қателіктер болып табылатыны анық. Бұл медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың маңыздылығын, сондай-ақ неғұрлым егжей-тегжейлі диагностика хаттамаларын пайдалану қажеттігін көрсетеді. Сондай-ақ келесі зерттеулердегі қателер санын азайту үшін дифференциалды диагностика саласында оқытуға назар аудару ұсынылады.
Нәтижені талқылау
«Атырау облыстық патолого-анатомиялық бюросы» ШЖҚ КМК базасында жүргізілген осы зерттеу 2023 жылғы аутопсия барысында анықталған клиникалық және патолого-анатомиялық диагноздардың сәйкессіздігі туралы құнды ақпарат береді. Медициналық карталарды ретроспективті талдау диагностиканың ағымдағы жай-күйін бағалауға ғана емес, жақсартуды қажет ететін салаларды да анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің бірі 555 жүргізілген аутопсияның (8,3%) диагноздарында айырмашылықтардың 46 жағдайын анықтау болып табылады. Бұл пайыз өте жоғары деп саналмаса да, бұл жағдайлардың 25-і ересектерге, ал 21-і балаларға тиесілі екенін ескерсек, мұқият талдауды талап етеді. Бұл сәйкессіздіктердің себептерін неғұрлым терең түсіну қажеттігін көрсетеді, өйткені негізгі ауруды анықтаудағы қателіктер емдеу үшін де, одан кейінгі профилактикалық шаралар үшін де елеулі салдарға әкелуі мүмкін. Аутопсиялардың жас және жыныстық бөлінуін талдау 65-74 жас аралығындағы ересек адамдар арасында жағдайлардың неғұрлым көп байқалатынын көрсетеді. Бұл аурудың жоғары деңгейін, сондай-ақ осы топта неғұрлым мұқият патолого-анатомиялық бағалау қажеттілігін көрсетуі мүмкін. Практикалық медицина үшін скрининг және профилактика бойынша арнайы бағдарламаларды әзірлеуге негіз болатын дәл осы жас санатындағы аурулардың жоғары қаупіне қандай факторлардың ықпал ететінін түсіну маңызды [16,17]. Балаларға келетін болсақ, аутопсиялардың ең көп саны 7-27 тәулік жас тобында өткізілді, бұл баланың денсаулығы үшін осы аса маңызды кезеңде ерекше патологиялар мен жоғары қатерлердің болуы мүмкіндігін көрсетеді. Негізгі ауру бойынша айырмашылықтардың жоғары үлесін (47%) ерте кезеңдерде диагностиканың сапасын арттыру үшін әрекет етудің белгісі ретінде қарастырған жөн. Диагнозды неғұрлым дәл анықтауға және ықтимал асқынулар мен бәсекелес ауруларды есепке алуға бағытталған медицина персоналын оқыту алмастырылмайтын болып табылады. Зерттеу диагноздың құрылымымен және асқынулармен байланысты айырмашылықтарды да бөліп көрсетеді (тиісінше 36% және 4%). Бұл алынған деректерді түсіндіруде және түпкілікті диагноздарды тұжырымдауда орын алып отырған проблемаларды көрсетеді. Диагнозбен жұмыс жасауда жаңа тәсілдер мен әдістемелерді қолдану қажеттілігі медициналық көмектің сапасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін [18,19]. Тұтастай алғанда, осы зерттеу нәтижелері диагнозды растау үшін ғана емес, жақсартуды қажет ететін салаларды анықтау үшін де құрал ретінде патологиялық-анатомиялық практиканың маңыздылығын растайды. Клиникалық және патолого-анатомиялық диагноздар арасындағы сәйкессіздік себептерін түсіну медициналық практиканы оңтайландыру және медициналық қызметтердің сапасын арттыру үшін негіз бола алады [20]. Бұдан басқа, болашақ күш-жігерді бағыттау неғұрлым егжей-тегжейлі диагностика хаттамаларын әзірлеуді және енгізуді, сондай-ақ сәйкессіздіктерді уақтылы анықтау мен түзетуді қамтамасыз ету үшін медицина персоналын ұдайы оқытуды қамтуы тиіс. Осы зерттеу нәтижесінде анықталған ерекше жас және жыныстық топтарға мұқият назар аудару денсаулық ерекшелігіне бейімделген профилактика және диагностика бағдарламаларын жасау қажеттілігін білдіреді.
Қорытынды
Осылайша, аутопсиялар патологоанатомиялық практикада аурулардың табиғатын жақсы түсінуге және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды құрал болып қала береді деп айтуға болады. Диагностиканы жақсарту және медицина қызметкерлерінің білімін ұдайы жаңарту қателіктер санын азайтуға көмектеседі, бұл бүкіл халықтың денсаулық деңгейін арттыру үшін жалғыз дұрыс тәсіл болып табылады.
Мүдделері арасындағы қарама-қайшылықтар
Бұл материал бұрын басқа басылымдарда жарияланбаған және басқа баспаларда қаралуда емес. Авторлар мүдделер арасындағы қарама-қайшылықтар мен қаржылық қолдаудың жоқтығын растайды.
Балмагамбетова А.Д. - https://orcid.org/0000-0003-1151-5651
Неткалиева А.Р. - https://orcid.org/0009-0001-1099-290X
Әдебиеттер тізімі
Қосымша файлдар