Б.А. Молдин
Молдин БА. Аққағаз Досжанова және оның заманы. Gylym aliansy. 2024;01(1)
Қазақ қыздары арасынан шыққан алғашқы жоғары білімді дәрігер Аққағаз Досжанова туралы деректер жан-жақты талданды. Тәуелсіздік жылдарындағы бір жетістігіміз – жоғалтқанымызды іздеп табу, өшкенімізді жаңарту, барымызды көрсету болды. Бұған елімізде кеңінен қолға алынған ҚР Президентінің «Мәдени мұра» және «Рухани Жаңғыру» бағдарламалары негізінде жүзеге асырылған шаралардың септігі тиді.
Мақалада алғашқы дәрігер қазақ қызының ХХ ғасырдың басындағы елдегі саяси істерге белсене араласуы, денсаулық сақтау саласының қалыптасуымен қиындықтарын шешуге қосқан зор үлесі баяндалды. Оның ұлт мүддесі үшін «Алаш» қайраткерлерімен бірлесе қызмет еткені жөніндегі тың деректермен қайраткерлік ролі көрсетіледі.
А. Досжанованың қысқа ғұмыры мен өшпес мұрасы нақты мысалдармен, қиында қилы заманда өмір сүргені айтылды.
Негізгі сөздер:Аққағаз Досжанова, медицина тарихы, Қазақстан тарихы, тарихи тұлға, Қазақстандағы денсаулықсақтау саласының қалыптасуы
Тәуелсіздік жылдарында бұрмаланған тарихымызды қайта жазып оған оң баға берілді, жоғалғанымыз түгенделіп жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында көптеген жұмыстар жасалды. Бұған алдымен елімізде кеңінен қолға алынған «Мәдени Мұра» бағдарламасы мен кейіннен мемлекеттік деңгейде үлкен жұмыстар атқарып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өз септігін тигізді. Шыңғысхан «Егерде менің Қайырхандай жүз әскерім болса, онда әлемді алты айдың ішінде жаулап алар едім» деген екен. Бұдан ұлттың мүддесін қорғайтын жүздеген тобырлар емес, топты бастай білетін көшбасшылар екенін байқаймыз. Тарихта мыңдаған көптің есімі белгісіз болып қалуы мүмкін, бірақ ұлтына адал еңбек еткен тұлғалардың есімі мен еңбектері тарих бетінен мәңгі өшпейді. Халық денсаулығы мен ұлтының тағдыры үшін жастайынан саяси істерге араласқан шоқтығы биік тұлғалардың бірі, қазақтан шыққан алғашқы жоғары білімді дәрігер қыз – Аққағаз Досжанова (1 сурет).
Аққағаз Досжанова 1893 жылы Орынбор губерниясына қарасты Торғай облысы Ақтөбе уезінің бесінші ауылында дүниеге келген [1]. Ол кезде патша жарлығымен қазақ жері Дала және Түркістан губерниясы деп бөлінген болатын. Сол кезде дүниеге келген жерінің атауы № 5 Бөрте кейбір деректерде Кете ауылы деп көрсетілген. Ол қазіргі Ақтөбе облысы Мәртүк ауданына қарасты жер. Ата-анасы ерте қайтыс болған. Олар туралы деректер жоқтың қасы. Әкесі Омар Патша заманында Сібірге жер аударылып жиырма жыл бас бостандығынан айырылған. Кейін елге келіп қатардағы шаруа болып қызмет атқарған. Ел арасында Омар – Сібір деген лақап аты болған деседі. [2] Ата-анасынан ерте қалған Аққағаз ағасы Сағындық Досжановтың тәрбиесінде өскен. С.Досжанов Орынбор қаласындағы оқытушылар даярлайтын мектепті бітірген. Қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің шәкірті болған өз аймағында мектептер ашылуына ықпал еткен қазақ зиялыларының бірі. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында 1896 жылы Ыбырай Алтынсарин ашқан «Орыс-қырғыз» қыздарына арналған мектепте қызмет жасаған.
Ауыл мектебінде білім алып жүрген білімге құштар Аққағазды ағасы Орынбор гимназиясына оқуға берді. Бірақ жоғарғы таптар ғана білім алған қоғамда гимназияға қабылданбай, алдымен сол қаладағы Татар мектебінде оқып, кейін гимназияда оқуын жалғастырған. Аққағаз Досжанова туралы алғашқы дерек 1913 жылы «Айқап» журналында жарияланған. Онда Орынбор гимназиясын үздік бітірген қазақ қыздары Гулайым Байгурина, Рахима Габдилкалиқызы және Аққағаз Досжанова жөнінде жазылған. Сонымен қатар, Омбы семинариясында білім алып, қызмет жасаған қазақ зиялылары М.Жұмабайұлы, Н.Нұрмаханов, С.Сейфулиндермен қатар Аққағаз Досжанованың да есімі қатар аталады (2 сурет). 1912 жылы Сағындық Досжановтың өтінішімен Торғай губерниясы болысының есебінен стипендия тағайындалып, Мәскеу жоғары әйелдер курсының медицина факультетіне оқуға түседі [3]. Мәскеуге жол тартқан қаршадай қазақ қызының бұл бастамасы заманында ерлiкпен пара-пар саналды. Өйткенi бұл уақытта қазақ балаларының оқуға мүмкiндiгi жоқ болатын. Мәскеу саналы қазақ қызын тек бiлiм нәрiмен сусындатып қана қоймай, зерделi жастың зейiнiн кеңейтiп, үлкен өмiр жолына үйреттi.
Белсенді жастармен қатар жүрiп, Мәскеуде бiлiм алып жатқан мұсылман студенттерi – татар, әзiрбайжан және Шығыстың басқа да ұлттарының жастарымен тығыз қарым-қатынаста болып үлкен істерге араласқан. Бауырлас халықтардың бостандығы мен теңдiгiн, тұтастығын ту етiп мұсылман жастарының арасында үгiт-насихат жұмыстарын жүргiздi. Мәскеудегi татар студенттерi қоғамының белсендi мүшесi болды. 1917 жылы ақпан айында Мәскеудiң татар слободкасындағы медреседе бұратана халықтардың патша өкiметi езгiсiнен азат етiлгенi туралы орыс тiлiнде баяндама жасады. Қоғамдық саяси істерде белсенді болған Аққағаз Досжанова Мәскеудегi мұсылман жастарының көш басышыларының біріне айналды.
ХХ ғасырдың басында ұлт мүддесін, әйелдер теңдігін қорғауда Алаш қайраткерлері А. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Т. Рысқұлов, С.Ходжановтармен қатар, А.Досжанованың да есімі аталады. С. Досжанов, Халел, Жаhанша Досмұхамбетовтермен бірге «Алаш» партиясының Батыстағы бөлімшесін басқарған [5]. Аққағаз да халық арасында жүріп барлаушы ретінде Алашорда ісіне үлкен көмек көрсеткен. Сонымен қатар, 1917 жылы сәуірде жалпыресейлік мұсылмандар сьезіне (1-5 май, Мәскеу) Торғай облысынан таңдалған төрт делегаттың бірі ретінде Аққағаз Досжанова қатысты [4]. Ол кезде қазақ әйелдерінің саяси істерде төрағалық етуі жиі кездесе бермейтін жағдай еді. Сьездегі баяндамасында мұсылман әйелдердің білім алуына мүмкіндіктер жасау, еңбек ету теңдігі туралы мәселелер көтерген. Ахмет Байтұрсынов «Мен Мәскеудегі бүкілресейлік мұсылмандар сьезінде өте белсенді қазақ жастарымен кездестім, олар баяндама жасағанда сөздерінен жалын, көздерінен от көрдім. Қазақ жастары сөз алғанда тура менің алдымда жанартау атқылып жатқандай болды» деп жазады [5]. Ол сьезде Әлімхан Ермеков, Аққағаз Досжанова т.б. қазақ жастары болған.
Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» еңбегінде «Ақмола облыстық қазақ комитетіне» жазған ашық хатында мынадай үзінді келтіріледі. «Қазақтың бір газет, бір журналы подписшігі (оқырмандары) жоқтығынан жабылып қалды» деп, Ново-Николаевскийдегі шығатын орыс газетінде жазылыпты. Ол айтқаны «Жас азамат» газеті мен «Абай» журналы. Бұл хабары бекер: «Жас азамат» күні бүгінге шейін шығып отыр. Қаржы жағынан кемдік көріп, тоқтай ма деген кірбең болып еді. Енді тоқтамас дейміз. Үйткені Омбы жастар әдебиеті кешені мың сом, Семей жастары 5000 сомдай көмек жіберіп отыр. Тағы сондай көтермелеушілер табылатын көрінеді. «Абайда» 900-дей алушы бар. «Абай» бір жола жабылған жоқ. Жалғыз журналын жауып қойып, тыныш отыруға оқыған жастардың, талапты азаматтардың намысы, ұжданы жібермес, қайтсе де шығарар деген үмітіміз күшті. Осы газет-журналға қолдау білдіріп, сыйлық бергендер туралы Ғаббас Тоғжанұлының берген ақпаратынан көптеген қазақтың белсенді жастары солардың ішінде Аққағаз Досжанова 50 сом және бір күміс түрік теңге берді деп жазады [6]. Бұдан біз А.Досжанова қазақтың тек қана алғашқы дәрігер қызы ғана емес, қазақ әдебиетімен, баспа сөзінің қалыптасуына, халық ағарту ісіне қосқан зор үлесін көреміз.
Дегенмен, 1917 жылғы Ақпан революциясы, қоғамдық жұмыстар, оқудағы қиындықтар Аққағаздың денсаулығына кері әсер етіп, оқуын жалғастыра алмай, тек фельдшерлік бөлімді қысқа мерзімде аяқтап, «Сестра милосердия» куәлігін алған. Сонымен қатар, елдегі «ақгвардия» мен «қызылдар» арасындағы соғыс кезінде көптеген қазақ зиялыларына колчак жақтастары, «шпиондар», «белсенділер» деген жала жабылып тұтқындала бастады. Ал, Аққағаз Досжанова достарының көмегімен көптеген қиындықпен елге оралуға мәжбүр болады. Елде бір жылдай емделіп, білімін жалғастыру мақсатында Мәскеуге қайта оралады. Бұл кезде елде Бірінші дүниежүзілік соғыс болып жатқан еді. Соғыс жылдарында мейірбике қызметін атқарып, госпитальмен Польша шекарасына дейін барып, солдаттарға медициналық көмек көрсетіп, соғыста жеңіске жетуге өлшеусіз үлес қосты.
Кейін Томск медицина университетінің екінші курсына қабылданып оқуын жалғастырады. Келесі жылы болашақ дәрiгер Семей облысының Абай ауданына келiп тәжiрибеден өттi. Тектi тұлғалар туған топырақта тәжiрибеден өткен А.Досжанова Томскiге қайтып оралғысы келмеді. Зерделі жас ойлана келе, ақыл таразысына салып бар қазақ зиялылары бас қосып, тiзе бiрiктiрiп жатқан Ташкентке баруды жөн көредi. Ташкентте Шығыстағы Кеңес халықтарына арналған Орта-Азия мемлекеттік университетінде білімін жалғастырады. Аққағаз Досжанованың қазақ зиялыларымен достығы, ағалы-қарындасты сыйластығы, ұлтжандылығы, жастарға деген қамқорлығы, мамандығына деген ерекше құштарлығы Ташкентте жалғасты.
Сабақтан тыс уақытында қалалық акушерлiк-гинекологиялық клиникада ординатор болып жұмыс iстеп, қоғамдық жұмыстарда белсенді болды. Аққағаз Досжанованың Ташкентте Орынбор, Жизақ, Самарқанд, Бұқар қалаларынан жиналған жетiмдердi қарсы алып, шұғыл жәрдем көрсету тобына жетекшiлiк етіп, панасыз балаларды қамқорлығына алып, оларды балалар үйiне орналастыру жұмыстарымен белсене айналысты. 1920 жылы азамат соғысы салдарынан халық арасында шешек, оба секілді жұқпалы дерт кең тараған еді. Өзбекстан Республикасының медицина саласына еңбегі сіңген Зульфия Умидова өз естелігінде Аққағаздың осы кезде үлкен жұмыстар атқарғандығын айтады. Соның көрінісі 1921 жылы 11 қыркүйекте «Степная правда» газетінде жарияланған «Түркістан» атты мақаласында ел ішіне тараған жұқпалы аурулардың қаупі туралы баяндаған. Басқа да қоғамдағы өзекті мәселелерге арналған «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» т.б. еңбектері болған [7]. Бiрнеше балаға жүрек жылуын берген ақ халатты қазақ қызының бұл iсi – биiк парасаттың көрінісі.
1922 жылы Аққағаз Досжанова Ташкенттегі Орта Азия университетін медицина мамандығы бойынша тамамдады. Түркістан Республикасының Халық комиссарлары кеңесі Шығыс қыздарына арнап Халық комисиаратының қаржысынан Аққағаз Досжанова атындағы стипендия тағайындаған. Сонымен қатар, «Правда» газеті 18 желтоқсан 1922 жылы былай деп хабар таратты. «Түркістан Республикасының Халық комиссарлар кеңесі Түркістан мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітірген тұңғыш дәрігер әйел Аққағаз Досжановаға 100 мың сом сыйақы беріп және үкімет есебінен оған кабинет жабдықтау жөнінде қаулы қабылдады» [7]. Бұл енді қалыптасып жатқан қазақ медицинасы мен қазақ қыздарына деген зор құрмет еді.
Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университеттің медицина мамандығы бойынша білім алған Аққағаздың құрметіне Түркістан Халық комиссариаты төрағасының орынбасары Сұлтанбек Қожановтың үйінде үлкен бас қосу өткен. Бұл салтанатты шараға Түркістан Халық комиссариаты төрағасы Тұрар Рысқұлов, Әшім Омаров, Санжар Асфендияров, Біләл Сүлеев, Сегізбай Айзунов, Нәзір Төреғұлов, Мұхамбетжан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамбетов, қазақтың белгілі аудармашы ғалымы Сайділ Талжанов, Мұхтар Әуезов т.б. болған [8]. Аққағаз Досжанованың бұндай құрметке ие болуы біріншіден, тұңғыш қазақтан шыққан жоғары білімді дәрігер әйел болуы, екіншіден, қазақ зиялыларымен бірге ел үшін атқарған істерімен абыройлы болғандығын көрсетеді.
Сонымен қатар, Аққағаз Досжанова жоғары медициналық білім алған тек қазақ қызы ғана емес, Орталық Азиядағы мұсылман әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш дәрігер екенін айта кетуіміз керек.
Аққағаз Досжанова өмір сүрген заман дәрігер мамандардың тапшы, тіптен жоқ кезі еді. Сондықтан ол педиатр, акушер-гинеколог т.б. медицина саласының мамандығын қатар алып жүрген. Замандастарының айтуы бойынша ол жоғары білікті, антына адал, ақыл парасатымен ерекшеленіп тұратын кәсіби мәдениеті өте жоғары тұлға болған. Қиын-қыстау уақытта қазақтар туберкулез және сүзек аурумен көп ауырған. ҚР еңбек сіңірген дәрігері Исаак Иванович өзімен бірге қызмет атқарған әріптесі жайлы «Аққағаз өз ісіне қайшы келмейтін. Қалайда туберкулез ауруын емдеудің ұтымды жолдары жөнінде көп еңбек етті» деп еске алады. Осы мәселе туралы Тұрар Рысқұловқа ауруды жоюдың алдын алу, оларды туғызатын себептермен күресу және балаларды дұрыс тамақтандыру жөнінде ұсыныстар айтқан. Және қиын уақытта жетпей жатқан медициналық кадрларды дайындау мақсатында құрбысы Гүлсім Асфендияровамен бірге қазақ әйелдері мен қыздарына арналған «мейіргерлік курс» ашқан. Бұдан қазақ медицинасының қалыптасуына қосқан үлесімен қатар, қазақ әйелдерінің білім алуымен еңбек етуіне жағдай туғызғанын көруге болады.
Азамат соғысы жылдарында мыңдаған балалар жетім қалып, көптеген халық тоз-тозы шығып кедейге айналды. Осы тұста көзі ашық көкірегі ояу қазақ қызы саясаттан тысқары қала алмай, осы дүрбелеңнің ортасында халық үшін үлкен істер атқарды. 1920 жылы елдегі саяси істерді жүргізу мақсатында Түркістан Орталық Атқару комитеті шешімімен бірнеше жауапты тұлғалар тағайындалды, олардың қатарында Әділгерей Ершин де болды. Бұл іске жетекшілік еткен Түркістан Жастар Одағының төрағасы Ғани Мұратбаев еді. Ә.Ершин Ташкент қалалық білім бөлімінің жанындағы балалар үйімен интернатта бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. Осы саладағы қызметтері Аққағаз бен Әділгерейді бір-біріне жақындата түсті. Ел үшін еңбек еткен екі азаматтың таныстығы Ташкентте білім алып жүргеннен басталды. Белсенді бірге атқарған қызметтері үлкен достыққа айналып, 1925 жылы отау құрды, жалғыз ұлдары Шахбаз Ершин техника ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессор, оқытушы қызметін атқарған, өмірінің соңына дейін Алматы қаласында тұрды.
Бүгінгі күнге дейін қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді дәрігер, білімге ұмтылып Москвада білім алған, өзінің ақыл-парасатымен, саяси істердегі белсенділігімен Алаш қайраткерлерінің зор құрметіне ие болған Аққағаз Досжанова туралы жазылып зерттеліп жүр. Белгілі бір деңгейде баға берілді, соның дәлелі – Ақтөбе қаласында тарихи тұлғаның есіміне көше берілсе, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақсан медицина университетінде Аққағаз Досжанова атында конференц холл бар және университеттің үздік студенттеріне Аққағаз Досжанова атындағы стипендия тағайындалған (3 сурет). Бұдан біз елі үшін адал қызмет жасаған тұлғалардың есімі ешқашан ұмытылмайтынын байқамыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazagstan» газетінде жариялаған мақаласында «Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпы ұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді» деген болатын [9]. Ендігі негізгі міндеттердің бірі – тарихта ұлты үшін аянбай қызмет еткен тұлғалардың еңбектерін көрсету арқылы жас ұрпақты тәрбиелеп, қоғамды рухани жаңғырту ісін қолға алу керекпіз.
Әсіресе аласапыран заманда өмір сүрген қандай қиын жағдайда да науқастарға адал қызмет еткен, қоғамдық-саяси істерге тікелей араласқан, ұлт мүддесі үшін күрескен, қиындыққа мойымай, ұлтын сауықтыру жолында жанкештілік танытқан Аққағаз Досжанованың кісілік келбеті бүгінгі қоғам мен болашақ үшін өшпес ерлік.
1 сурет. А. Досжанова
2 сурет. А. Досжанова Омбы мұғалімдер семинариясы, 1914 жыл
3. сурет. Памятник А.Досжановой (Актобе, ЗКМУ имени Марата Оспанова)
Б.А. Молдин - https://orcid.org/0009-0006-7600-2194
Әдебиеттер тізімі
Қосымша файлдар